Солтүстік Қазақстан облысында су айдындарын жасанды түрде оттегімен байыту жұмыстары қыза түсті. Себебі ақпан-наурыз айларында балыққа ауа бармай, қырылып қалуы мүмкін. Мамандардың айтуынша, әсіресе таяз көлдерде жағдай қиын. Себебі мұздың қалыңдығы жарты метрден асқан.
Николай Кошиков – өңірде бірнеше көлді жалға алып, кәсібін дөңгелетіп отырған азамат. Бүгінде ол мөңке, шортан, алабұға сынды балықтың тоғыз түрін өсірумен айналысады. Айтуынша, аймақтағы көлдер тартыла бастаған. Ал бұл қыс мезгілінде су маржандары үшін аса қауіпті.
НИКОЛАЙ КОШИКОВ – КӨЛДІ ЖАЛҒА АЛУШЫ:
— Соңғы үш жылда су деңгейі бір метрге дейін төмендеп кетті. Яғни көл таязып барады. Ал балық үшін бұл қауіпті. Сондықтан биыл аэрация жасауға кірістік.
Ақпан-наурыз айларында көк мұздың астында оттегі таусыла бастайды. Әрі улы газды сыртқа шығару керек. Сондықтан жер-жерден осылай мұз ойылады. Жауаптылардың айтуынша, өңірде заңға бағынбайтындар да бар. Яғни тиісті талапты орындамағандармен келісімшарт бұзылады.
МАРАТ ЕСІМСЕЙІТОВ – «ЕСІЛ» ОББШ ИНСПЕКЦИЯСЫ ЖЕТЕКШІСІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Өткен жылы аймақта екі көлде балық қырылды. Жалға алушылар аэрация жұмысын уақытылы жүргізбеген. Жалпы тиісті шаруларды атқармағандармен әңгіме қысқа. Алғашында ескерту жасаймыз. Оны елемесе, сотқа береміз.
Айта кету керек, өзен-көлдердегі аэрация жұмыстары көктемге дейін жалғасады.
САМАТ ҚАЙЫРДЕНҰЛЫ – ТІЛШІ:
— Бүгінгі күні өңірде екі мыңға жуық көл бар. 600-і балық шаруашылығына қолайлы. Қазір оның жартысы жалға берілген. Қалғандарында аэрация жұмыстарын жергілікті әкімдік өкілдері жүргізуге міндетті.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.