Ақтөбедегі улану оқиғасынан кейін дүкендер тексеріліп жатыр @TheSevenNews​

Ақтөбеде қытай снэк-тіскебасарынан уланған 23 баланың оқиғасы «Жетінші арнаның» тілшілерін бейжай қалдырмады. Гүлвира Сейтенова таң атысымен дүкендерді аралап, шығу тарихы күмәнді тауардың еш шектеусіз сатылып жатқанына көз жеткізді. Сатып алып, иіскеп көрді, жеп те көрді. Тіпті мазмұнын қазақшаға аударып, құрамында не барын зерттемек. Қолға түскен снэкті зертханаға жіберді. Азық-түлік қауіпсіздігі туралы тілшіміз баяндасын.
ГҮЛВИРА СЕЙТЕНОВА, ТІЛШІ:
— Жаңа ғана дүкеннен қытайдың ащы тамағын сатып алдым. Саудада әлі де еркін сатылып жатыр екен. Сыртында қазақ тілінде ешқандай жазу жоқ. Бәрі қытайша. Құрамында не бар екені белгісіз.
Тауардың сыртындағы мәтінді аудардық. Құрамында бидай ұны, соя майы, бұрыш пен дәмдеуіш бар. Сондай-ақ түрлі химиялық қоспаға тұнып тұр.
ҚЫТАЙ ТАҒАМЫНЫҢ ҚҰРАМЫ:
Мысалы, кәдімгі қанттан 50 есе тәтті натрий цикломаты бүйрек ауруын тудырады. 600 есе тәтті сукралоза ішек микрофлорасын бұзады. Ал бутил гидро хинон бас ауыртады, жүрек айнытады.
Қобдалық оқушылар жеген құрамы осыған ұқсас, бірақ шаян етінің дәмі бар тағам Ақтөбеде түгел тәркіленіп жатыр. Санитар мамандар 200 дүкенді тексеріп болған. Қытайдың ащы тамағын балаға сатқан дүкен қазір жабық тұр. Ол жерден 12 қорап тіскебасар сараптамаға әкетілген.
РАЙХАН ҚОЙШАНОВА, СЭҚ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ:
— Бүгінгі таңда 219 дүкен мониторингпен қамтылды. Үш сауда дүкенінен табылып, тағам лабораториялық зертханаға тапсырылды. Нәтижесі 5-6 күннен кейін болады. Хабардар етеміз.
Ащы тіскебасардан бөлек, дүкендерде балаларға арналған тәттінің түр-түрі самсап тұр. Олар әдетте баланың бойы жететін, көзін қызықтыратын жерге қойылады. Құрамында қант мөлшері шамадан тыс.
ГҮЛВИРА СЕЙТЕНОВА, ТІЛШІ:
— Балалар көп сатып алатын тәттілердің бірі – осындай көз мармеладтар. Қытайда жасалған. Құрамын оқып көрейік. Құрамында жүзім сиропы, қант бар. Желатин, лимон қышқылы сияқты қоспалары бар және жасанды пигменттері бар. Бір данасы 100 тг сатылып жатыр.
Қобдадағы жағдайдан соң, дүкеншілер тексеріске сақадай-сай отырғанға ұқсайды. Қытайдың тамағы бізде жоқ деп сатушылар азар да безер.
Мектеп маңындағы дүкендерден оқушылардың тәттіні көп алатынын байқадық. Ал ересектер жағы балаға тәтті беруді тыйып жүргенін айтады.
Қауіпті тіскебасар дүкен сөрелеріне қалай түскенін мамандар анықтайды. Ал біз сатып алып, дәмін татқан тағамды келесі аптада сараптамаға жібереміз.
———————————————