Қарағанды облысы Шет ауданында жарықтың жиі сөнуіне байланысты төтенше жағдай режимі жарияланып, 15 мыңға жуық тұрғын жарықсыз отыр. «Шет-Энерго» жеке компаниясы талаптарды орындауға асығар емес. Осыған байланысты ауданда электр қуатын беруге шектеу енгізілді. Қарағанды облысының әкімдігі: «Компания көптен бері жүйені жаңартуға қаражат салмағандықтан, аудан жиі жарық пен жылусыз қалады», — дейді. Былтыр электр энергиясы 144 рет өшірілген. Жарық беруші компания ескертуді елемеген соң, жергілікті билік нысанды мемлекет меншігіне қайтаруға бел буған. Компанияны сотқа берген.
БОТАГӨЗ АРАЛБАЕВА, ШЕТ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Шет ауданындағы жарыққа жауапты бастықтардың бізге ешқандай көмегі тиіп жатқан жоқ. Біз уақытында төлейміз. Мұнда қарапайым халықтың не кінәсі бар?
МҰХИТ МҰХТАРОВ, ШЕТ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:
— Бұл кәсіпорынның тұрғындарға сапалы қызмет көрсете алмауына байланысты заңдылықтар шеңберінде реквизиция жасау қарастырылады. Осы ретте аудандағы ескірген электр желілері мен подстанцияларды дереу қалпына келтіру мен жандандыру мақсатында аудан аумағындағы кәсіпорындарды тарту жоспарланып отыр.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.