Диқанға ма, диірменшіге ме? Мемлекеттен берілетін субсидияға талас жүріп жатыр. Үкіметтің бүйрегі астық экспорттаушыларға бұрып еді, оған ұн тартушылар бұлқына бастады. Енді қайтпек керек? Қаржылай қолдауға кім көбірек мұқтаж?
Былтыр еліміз Ресейден бидай тасымалын уақытша тоқтатқан болатын. Бірақ импортқа шектеу биыл жойылды. Бұл жағдай диқандар мен диірменшілер үшін тиімсіз боп тұр. Өйткені бидай бәсекесін туғызады. Сол үшін астық және ұн өндірушілер өнімді сыртқы нарыққа жөнелтуде мемлекеттен қолдау сұрайды.
ОЛЕГ КУРТВАПОВ, КӘСІПОРЫННЫҢ ҚАРЖЫ ДИРЕКТОРЫ:
— Екі жыл бұрын теміржол шығындарының 30% өтеуге мемлекеттік бюджеттен қаржы бөлінді. Қазір мұндай жәрдем қарастырылмаған. 2010 жылдары Қазақстанда шамамен 1360 диірмен кешені болса, қазір олардың саны 300-ге азайған. Соның тең жартысы ғана тұрақты жұмыс істеп тұр.
Ауыл шаруашылығы министрлігі бидай экспортын субсидиялау жобасын әзірледі. Көлік шығынын азайту мақсатында бюджеттен 40 млрд теңге бөлінбек. Бір тоннасы үшін 20-30 мың теңге шамасында өтеледі. Бұл, біріншіден, астық сақтау қоймаларын бидайдан босатып, экспорттық әлеуетті жақсартуға жағдай жасамақ. Мұндай жағдайда шаруалар да ішкі нарықты бидаймен толық қамти алатындарын айтады.
МӘРЛЕН ОСПАНОВ, АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРЛІГІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:
— 2 млн тонна ұн сыртқы нарыққа экспортталды. Бұл айтарлықтай көп емес. Қаңтар айында Орталық Азия мен Қытай, Ауғанстан нарығына 160 мың тонна жөнелтілді.
Астық экспорттау кезіндегі шығынды қаржыландыру – отандық бидайға сұранысты арттырады. Бірақ ұн өндірушлер үшін жағдай қиындайды. Ішкі нарықта ресейлік кәсіпкерлермен бәсекелесу қиынға соғуы мүмкін.
ЖОМАРТ МОТЫШЕВ, АСТЫҚ ӨНДІРУШІЛЕР ОДАҒЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Отандық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін өз астықтарын диірмен кешендеріне көптеп тапсыру жағынан ынталандыруға ұсыныс айттық. Яғни көрші мемлекеттерге транзиттік тасымал жолдарына шығынды өтегенше, бұл ақша біздің елде қалып, отандық бидай өндірісін дамытуға мүмкіндік беретін еді.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, Қазақстан былтыр рекордтық көлемде астық жинады. Енді осы қалың астықты ысырап қылмай, тездетіп экспорттау үшін мемлекет тарапынан қаржылай қолдау көрсету көзделіп отыр.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.