СҚО-да құсбегілердің сайысы өтіп жатыр @TheSevenNews​

Солтүстік Қазақстан облысында құсбегілердің сайысы өтіп жатыр.
САМАТ ҚАЙЫРДЕНҰЛЫ, ТІЛШІ:
— Аққайыңдар өлкесі қиқуға бөленіп, аспанда осымен екінші мәрте қыран қалықтады. Олай дейтініміз осыдан тура бес жыл бұрын аймақта халқымыздың тектілігін, қазақ жігіттерінің серілігін көрсететін құсбегілердің жарысы ұйымдастырылған болатын. Бұл жолы еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 100-ге тарта саятшы бекзада өнердің мерейін асқақтатты. Жыртқышты қолға үйрету оңай емес. Дегенмен келгендердің арасында осалы жоқ. Құстары да бабында.
ҒАБИТ ТАҢАТОВ, ҚҰСБЕГІ /АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ/:
— Құсбегілер белін буып, жоғары деңгейде дайындалып келді. Жарыс жақсы өтіп жатыр. Қолға шақыру, шырғаға салу шешуші секунд болады. Кімнің бағы жанады, сол бірінші орын алады.
ЕРІК БАҚТЫҒАЛИ, ҚҰСБЕГІ /ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫ/:
— Осындай үлкен жарысқа бірінші рет қатысып отырмын. Құдай қаласа, бағымыз жансын деймін. Бұл – әлі балапан, бір жаста. Бұған енді өзімнен жақсы қараймын ғой. Былайша айтқанда, отбасымыздың бір мүшесі.

САМАТ ҚАЙЫРДЕНҰЛЫ, ТІЛШІ:
— Құсбегілік – қазақтың қанына сіңген көне дәстүр. Бірақ жасыратыны жоқ, соңғы кездері осы бір өнер еліміздің солтүстігінде ұмыт бола бастаған. Сондықтан бабадан қалған мәдениетті балаға көрсету үшін кезекті чемпионат дәл осы өңірде ұйымдастырылып жатыр.

ТӘТТІМБЕТ КӘПҰЛЫ, ТӨРЕШІ:
— Бүгінгі күні біздің көкбайрағымызда осы қыранның желбіреп тұруы – кешегі бабаларымыздан қалған мирас, үрдіс, жалғас. Шараның солтүстікте өткізіліп жатқанының өзінде үлкен мән бар. Бұл өңірде кішкене кенжелеп тұрған спорт. Енді жастарды баулу керек.

САМАТ ҚАЙЫРДЕНҰЛЫ, ТІЛШІ:
— Дүбірлі дода бірнеше кезеңнен тұрады. Көрермен бүркіт, қаршыға, ителгі сынды құстардың шеберлігіне куә болады. Екі күнге созылатын чемпионат қортындысы бойынша үздік атанғандарына спорт шебері атағы беріледі.
———————————————