Елімізде психикалық ауруға душар болғандар көбейген. Қазір ел бойынша 200 мыңға жуық адам арнайы есепте тұр. Ал тіркелмегендері қаншама? Өйткені жақынының жүйкесі жұқарғанын жасыратындар бар. Алматы мен Ақтөбедегі тілшілеріміз психикалық сауықтыру орталықтарына барып, жағдайды өз көздерімен көрді.
Жеделсатының ішінде ақыл-есінің ауытқуы бар жасөспірімнің балаға әлімжеттік әрекеті қоғамда үлкен наразылық тудырды. Бұл жағдай балаға қауіпсіз орта жасау мәселесі өткір тұрғанын көрсетті. Депутаттар психиатриялық қызметті реформалау керектігін айтады. Ал психиатрлардың өздері емдеу тактикасы әбден жүйеленгенін алға тартып отыр. Алматыдағы орталықта емделіп жатқан науқастардың өзі тәуліктік бақылауда болады. Мезгілдік ушығу кезеңінде емделушілердің бір бөлігі төсекке таңылады.
ГҮЛМИРА СЕЙСЕБАЕВА, ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕК БЕРУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДӘРІГЕР-ПСИХИАТРЫ:
— Жағдайының ауырлығына қарай көмек көрсетіледі. Көктем-күз мезгіліндегі ушығу кезеңінде пациенттер психиатриялық стационарға жіберіледі. Ол жақтан қарқынды ем қабылдағаннан кейін біздің орталыққа қайта оралады.
Республика бойынша осындай 130 орталық жұмыс істейді. Соның бірі Ақтөбе облысындағы 280 орындық психикалық сауықтыру орталығында қазір 265 науқас ем қабылдап жатыр. Науқастарды сауықтыру процесі 21 күннен 6 айға дейін созылады. Орталықта сот шешімімен мәжбүрлі түрде емделіп жатқандар да бар. Барлық қызмет тегін. Сала мамандарының айтуынша, психикалық емге зәру азаматтардың туыстары көп жағдайда жеке клиникаларды таңдайды. Көбі жақын адамының ауруын мойындағысы келмейді және халықтық ем-домға жүгінгенді жөн санайды.
ГҮЛМИРА ОРАЗОВА, ПСХИКАЛЫҚ САУЫҚТЫРУ ОРТАЛЫҒЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Егер науқас толық айықпаған болса, біз орталықтан жібермейміз. Ал пациенттің жағдайы жақсарып, қоғамға бейімделуін байқасақ дәрігерлік-консультациялық комиссияда жан-жақты қараймыз. Кейде науқасты жатқызудан бас тартып, жанжал шығаратын туыстары да кездесіп жатады. Ол кезде де кеңесе отырып шешім қабылдаймыз.
Психиатриялық қызмет көрсету жүйесіндегі тағы бір мәселе – маман жетіспеушілігі. Жастар табысы жоғары және жүгірісі аздау жеке клиникаларға қарай ұмтылады. Сондықтан сала өкілдері сауықтыру орталықтарын көбейтумен қатар мамандарды тарту ісін жетілдірген жөн деп есептейді.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.