Елордада екі жүзге жуық құрылысшы жалақысыз жүр

1,5 жыл жалақысыз жүр. Елордада екі жүзге жуық құрылысшы 38 млн теңге еңбекақысын алмаған. Маңдай тер, табан етпен тапқан ақшасын даулағандар әкімдіктен көмек сұрады. Мәселе шешімін қашан табады?
Әкімдік алдына әділдік іздеп жиналған бір топ жұмысшы 1,5 жыл бойы жалақыларын ала алмай жүр. Динара Жанқараева басшылық ететін ұйым 2023 жылы құрылыс компаниясына жалданған. Есіл ауданында тұрғын үй кешенінің ішкі әрлеу жұмыстарын жүргізген. Алайда мердігер жеке кәсіпорынға әлі күнге дейін бір тиын да төлемеген.
ГҮЛЖАНАТ МАХМҰТ, ЖҰМЫСШЫ:
— Мен жалғызбасты анамын. Міне, Динара – көпбалалы ана. Біздің ақшамызды қайтарып беріңіздер. Қарызға кіріп кеттік. Артымыздан қаншама адам алып келдік. Кредтипен өтеді. Әкімдік ешқандай кінәрат тапқан жоқ.
Маңдай тер еңбектерінің өтеуін Гүлжанат Махмұт сияқты тағы 200 адам ала алмай отыр. Құрылыс компаниясының жеке кәсіпорын алдындағы берешегі 38 млн теңге. Жығылғанға жұдырық, әуелде құрғақ уәдемен алдап келген серіктестік басшысы кейін айыппұл саламын деп қорқытқан.
ДИНАРА ЖАНҚАРАЕВА, КӘСІПКЕР:
— Бірнеше құрылыс материалдарына, банкке қарызбыз. Счеттеріміз бұғатталған. Енем кредит алып берген. Қазір пенсиясын кредит жабуға жұмсап отыр. «Беремін» деп жүрді. Күзден бастап мүлдем маңына жолатпайды. Офиске келсең саған 106 млн штраф саламын дейді.
Талай табалдырықты тоздырған тұрғындар төзімдерінің де таусылғанын айтады. Еңбек ақысын даулап жүрген жұмысшылармен әкімдік өкілі кездесіп, мән-жайға қатысты пікірін айтты.
МЕДЕТ РАБАЕВ, СӘУЛЕТ ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫС БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:
— Енді сот арқылы шешу керек. Заңгерлер қандай жағдай екенін біледі. Өзара келіседі. Біз түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. «Қазір біз сотқа бара алмаймыз», – деді. Негізі бұл азаматтық сотпен шешілетін жағдай.
Құрылыс компаниясы бастапқыда жеке кәсіпорынның сеніміне кіріп, тиісті құжаттарға қол қойдыртып алған.
НҰРСҰЛТАН ОРЫНБЕКОВ, АДВОКАТ:
— Олардың тараптарынан су кеткен, әкімдік қабылдамаған. «Жасай беріңіздер, бітірсеңіздер болды», – деп қол қоймай, бұл кісілердің сеніміне кіріп алған. Бұл кісі заңгер емес, қарыздарын мойындамай құжатты қалдырып кеткен. Әкімдікте «мойындаймыз», ал өз компаниясына барса «мойындамаймыз» дейді. Әуре-сарсаңға салып жүр.
Құрылыс компаниясының өкілі: «Кездесуге келемін», – деп құрылысшыларға уәде берген екен. Алайда сөзінде тұрмады. Мердігер компанияға біз де қоңырау шалдық. Бірақ телефон көтермейді. Сондықтан мәселеге қатысты қандай да бір мәлімет алу мүмкін болмады.
ИНАРА БАРСАҚБАЕВА, ТІЛШІ:
— Қалай болған күнде де, бұл мәселе сотсыз шешілмейтін сияқты. Сондықтан құрылысшыларға құзырлы органның көмегіне жүгінгеннен басқа амал қалмай тұр.
———————————————