Ақпан айының басында үйдегі интернет бағасының өсуіне негіз бар-жоғын Бәсекелестікті қорғау агенттігі мамандары әлі тексермеген. Құзырлы орган: «Ұялы байланыс операторынан ақпарат күтіп отырмыз», – дейді. Жағдайды түсіндіруді сұрап, өткен аптада агенттікке ресми сауал жолдаған болатынбыз. Жауабы енді келді. Онда ұялы байланыс операторларының 2024 жылы бағаның өсуіне әкеп соқтырған іс-әрекеті қаралып жатқаны жазылған. Ал «бағаны бір мезгілде көтерді» деген дерек бойынша «Kcell», «Мобайл Телеком-Сервис» және «КаР-Тел» компанияларына қатысты бұрын басталған тергеу тоқтатылған. Себебі операторлар тергеу жүргізу туралы сот шешіміне қарсы шыққан. Дегенмен монополияға қарсы агенттік олардың екі жыл бұрынғы сөз байласу әрекетін дәлелдеген.
БӘСЕКЕЛЕСТІКТІ ҚОРҒАУ ЖӘНЕ ДАМЫТУ АГЕНТТІГІ:
— Аталған операторлар желі ішінде және басқа бағыттар бойынша бір минуттық қоңыраулар мен бір SMS хабарламаның бағасын 18 теңге мөлшерінде ұстау түрінде бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзғаны анықталды. Оларға аталған заңбұзушылықты жою туралы хабарламалар жіберілді. «Kcell» АҚ талапты орындап, тарифтің құнын төмендетті. Хабарламамен келіспеген тағы екі ұялы байланыс операторы сотқа шағым түсірді.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.