Соңғы күндері «телефондардың IMEI коды тиісті тексерістен өтпесе, бұғатталады» деген ақпарат тарап жатыр. Бұған көп тұтынушы алаңдай бастады. Жел соқпаса, шөптің басы қимылдамайды. Бұл дерек қайдан шықты және қаншалықты рас?
Цифрлық даму министрлігі өкілдерінің айтуынша, дүрлігудің қажеті жоқ. Ереже 24 наурыздан кейін сатылатын, елге әкелінетін гаджеттерге ғана қатысты. Жаңа заңға сәйкес мобильді құрылғылар арнайы үш тізімге бөлінеді.
АЗАМАТ СЕРІКТАЕВ, ҚР ЦИФРЛЫҚ ДАМУ, ИННОВАЦИЯЛАР ЖӘНЕ АЭРОҒАРЫШ ӨНЕРКӘСІБІ МИНИСТРЛІГІ ӨКІЛІ:
— Үш ұғым жаңадан енгізіліп жатыр. Бұл – ақ тізім, сұр тізім және қара тізім. Ақ тізімде IMEI коды дұрыс, қауіпсіз өндіруші, зауыттан шыққан дегенді, сұр тізім телефонның шығуы туралы күмән барын білдіреді. Ал қара тізім толығымен бұғатталатын болады.
Енді әрбір смартфон верификациядан өтеді. Яғни халықаралық GSMA базасында оның түпнұсқалығы, ұрланған, бұғатталған, жоғалған құрылғылар тізімінде бар-жоғы анықталады. Қазақстан аумағына заңды түрде жеткізілгені де тексеріледі. Министрлік өкілдерінің айтуынша, жаңа заң ұсталған телефон саудасына кері әсерін тигізбейді. Ал телефонның қай тізімде екенін imei.rfs.gov.kz сайтынан тексеруге болады.
ДАНИЯР МҰХАН, КӘСІПКЕР:
— Біріншіден, ұрланбаған телефонды білу үшін оның құжатын сұраймыз. Телефоннның құжаты болуы керек. Егер құжаты болмаған жағдайда сатушының төл құжатын сұрап суретке түсіріп аламыз. Одан кейін өзінікі екенін білу үшін ішіндегі фотоларды қараймыз. Паролін біле ме, білмей ме, аккаунтты шешіп бере ала ма, бермей ме соның бәрін анықтаймыз.
Жаңа заң алаяқтықпен күресуге, тұтынушы құқығын қорғауға септігін тиігзбек. Оның сыртында халыққа заңды әрі сапалы смартфон ұстауға негіз болмақ.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.