Көктемде тасыған Сергеевка су қоймасының биылғы деңгейі қандай?

Солтүстік Қазақстан облысында былтырғы тасқын кезінде бүлінген нысандарды қалпына келтіру жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Қаланы таза сумен қамтып отырған сорғы станциясы таспен қоршалып, қажетті қондырғы сатып алынды. Аймаққа жұмыс сапарымен барған Үкімет басшысы Олжас Бектенов тасқынға қарсы дайындық жұмыстарын тексеріп, облыс әкімдерімен онлайн жиын өткізді.
Қала іргесіндегі 1-көтергіш сорғы станциясы өткен ғасырдың 70 жылдары пайдалануға берілді. Ол Есіл өзенінің бойында орналасқан. Былтыр тасқын кезінде стратегиялық нысанды су басып қалды. Салдарынан шаhар халқы бірнеше күн тіршілік нәрінен таршылық көрді. Маусым айында басталған қайта қалпына келтіру жұмыстары әлі жалғасуда.
ЖЕҢІС СҰЛТАНОВ, СУМЕН ҚАМТУ КӘСІПОРНЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
— Габионнан үлкен дамба жасалды. Биіктігі қазір 4,5 метр. Былтыр ол 2,5 метр ғана болған. Бүгінде бұл жақсы бір нәтиже деп ойлаймын.
Станцияны үздіксіз электр қуатымен қамту үшін ұзындығы 3,5 шақырым жер асты кабель желісі тартылды. 50 жылдан бері жөндеу көрмеген нысанды жаңғыртуға демеушілер 3 млрд теңге қаржы аударды.
ӘЛІБЕК СЕРІКОВ, МЕРДІГЕР
— Бұл насостардың ерекшелігі судың астында тұрса да жұмыс істей береді. Тасқын қайталанған күннің өзінде де былтырғыдай проблема болмайды. Жаңа құрылғы секундына 1,5 тонна су өткізе алады. Оның үстіне біз барлық қондырғыны 4 метрге дейін көтердік.
Күзден бері өңірде ұзындығы 32 шақырымнан асатын 8 бөгет тұрғызылып жатыр. Оның биіктігі кей жерде 7 метрден жоғары. Үкімет басшысының тапсырмасымен 1 наурызға дейін тасқынға қарсы дайындық жұмыстары толық аяқталуы тиіс. Әрі арнайы штаб құрылады.
ҚАНАТ БОЗЫМБАЕВ, ПРЕМЬЕР-МИНСИТРДІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Су тасқынына тиісті өңірлерде үлкен тәуекелдер бар. Бұл – Ақмола облысы, Ұлытау облысы, Қарағанды облысы, Солтүстіқ Қазақстан, Қостанай, Атырау және Ақтөбе облысы. Сондықтан ертеңнен бастап республикалық деңгейде оперативтік штаб құрылатын болады.
Қазір республика бойынша 1 223 ауыл қауіпті аймақта тұр. Оларды қорғау үшін 576 шақырым топырақ үйіндісімен бөгет тұрғызылды. Болжам бойынша көктем ерте келеді. Әрі жауын-шашынды болады. Сондықтан жауапты органдарға сақадай сай болу керектігі ескертілді.
———————————————