Қостанай әкімдігі су тасу қаупі жоғары 70 үйді сатып алмақ

Қостанайдағы бірнеше көшенің тұрғындары әкімдіктен хабарлама алып, дегбірі қашып отыр. Олардың үйлері орналасқан жерді мемлекет мәжбүрлі түрде өз қажетіне алып, саябақ салмақшы. Өткен жылы көктемде болған су тасқынынан кейін, бұл тұрғынжайлар жаңа болғандықтан апатты деп танылмады. Мемлекет берген өтемақыға иелері жөндеу жүргізген еді. Кейбірі тіпті аяқтап үлгермеген. Енді міне әкімдік «су тасқыны қайталануы мүмкін» деп 70 үйді бұзуды шешкен. Мемлекет сатып алуға 1,5 млрд теңге қарастырған. Ал тұрғындар үйлерін төмен бағалауы мүмкін деп алаңдап отыр. Осы айдың соңында белгілі болатын өтемақы мөлшерімен келіспейтіндер өз мүдделерін сотта қорғамақшы.
ЖҰПАР БЕРІКБАЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Атам екеуіміз өз күшімізбен салдық. Өте өкінішті, жылағым келіп тұр. Жөндеуді аяқтап үлгермедік. Үй салған адам мені түсінеді. Егер де лайықты өтемақы төлемесе, мен қарап қалмаймын.
МАРАТ ЖҮНДІБАЕВ, ҚАЛА ӘКІМІ:
— Тұрғындардың көбі келісіп отыр. Олар нарық бойынша лайықты бағаланғанын қалайды. Қазір жұмыс жүргізіліп жатыр. Бірақ қосымша қаражат керек болады. Оған сай, қосымша өтінім жібереміз. Өткен жылы көктемде 143 үй суға кетті. 100-ден астамы жарамсыз болып қалды. Тағы қайталанғанын қаламаймыз.
———————————————