Футбол алаңындағы өлім. Астанадағы «Достық Арена» спортзалында 25 жастағы жігіт ойын кезінде қақпаның астында қалып қайтыс болды. Оқыс оқиғаны қазір полиция тергеп жатыр.
Бейнебақылау камерасындағы бұл кадрларда жас жігіттің ойын кезінде қақпа маңдайшасына асылып тұрып, екі аяғын көтеріп айналмақ болғанда үстіне қақпа құлағаны анық көрінеді. Оқыс оқиға кеше түстен кейін болған. Сағат 16:48-де жедел жәрдем бекетіне спортзалда ер адам ес-түссіз жатыр деген хабар келен. Дәрігерлер жеткенше ол қайтыс болды.
БОТА СӘДЕТХАН – ҚАЛАЛЫҚ ЖЕДЕЛ МЕДИЦИНАЛЫҚ ЖӘРДЕМ СТАНЦИЯСЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Бригада келу барысында анықталғаны, сол жерде жүрген футбол ойынына қатысушылар жедел жәрдем бригадасы келгенше жарақаттанған азаматты темір қақпаның астынан өздері алып шыққан. Өкінішке қарай, жарақаты өмірге сәйкессіз болуына байланысты өлім жағдайы туындаған. Сондықтан мәйіт полиция қызметкерлеріне берілді.
«Достық Арена» залының есігі құлыптаулы. Әдетте сағат таңғы 10:00-нан басталатын ойындар тоқтатылған. Ойын залында балалар да, ересектер де доп тебеді.
ГҮЛВИРА СЕЙТЕНОВА – ТІЛШІ:
— Қайғылы оқиға болған аренаны иесі жалға алып отыр екен. Ал ғимараттың қожайындары бұл жайт туралы айтудан басын ала қашты.
Қақпаның қаншалықты берік бекітілгенін және қате кімнен кеткенін полиция анықтап жатыр.
ЭЛЬМИРА ШАУЛЕНОВА – ПД БӨЛІМІНІҢ БАСТЫҒЫ:
— Футбол алаңында ер адамның қайтыс болуына байланысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Алдын ала мәлімет бойынша, қайғылы оқиға ойын барысында орын алған. Ол қақпаның жанында тұрып, қолымен маңдайшадан ұстап асылған кезде қақпа аударылып кетіп, оны басып қалған. Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу шаралары жүргізілуде.
Қауіпсіздік техникасы жөніндегі мамандар: «Қақпаны белтемір ретінде пайдалану – өрескел қате», – дейді. Қақпа нық бекітілгенімен, оған асылған адам құлап, жазым болуы мүмкін.
ҚАЙЫРГЕЛДІ МЕЙРАМОВ – ҚАУІПСІЗДІК ТЕХНИКАСЫ ЖӨНІНДЕГІ ИНЖЕНЕР:
— Спортзалда қақпа нақты жерге бекітілуі керек. Ол спорттық инвентарь емес. Онда допты ұстайтын сеткасы бар, соған арналған. Жаңағыдай секіріп, турник ретінде тартылуға болмайды.
Адам үстіне қақпа құлау оқиғасы елімізде бірінші рет болып тұрған жоқ. 2009 жылы Ақтөбеде 7 жастағы бала, ал 2023 жылы Ақтауда 16 жастағы жасөспірім темір қақпаның құрбаны болды. Бұдан бөлек, Қостанайда, Теміртау және Ақтауда ойын баласы ауыр қақпаның астында қалып, жарақат алған.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.