Техникалық мамандарға арналған «Наурыз жұмыскер» тұрғын үй бағдарламасы келесі айда іске қосылады. Нақтырақ айтсақ, 17 наурызда өтінім қабылдау басталады. Жаңа бағдарламаның шарттары қандай?
МАҒЖАН ҮЙСІНБАЙ, ТІЛШІ:
— «Наурыз жұмыскер» бағдарламасы аясында 72 млрд теңгеге 2 440 несие беру жоспарланған. Оған өнеркәсіп, энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы және су ресурстары салаларының қызметкерлері қатыса алады. Өтінімдер 17 наурыздан бастап қабылданады.
Несие әлеуметтік осал топтарға 7%, ал қалған санаттағы азаматтарға 9% беріледі. Астана мен Алматыда шектік сома 36 млн теңге, ал басқа облыстарда 30 миллион теңгеден аспайды.
ДАРИЯ БАТЕНОВА, «ОТБАСЫ БАНК» АҚ ОРТАЛЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— «Наурыз жұмыскер» бағдарламасының талаптарына тоқталатын болсақ, бастапқы жарнасы таза әрленген үйлер болса 10%, ал әрленбеген үй болса 20% болады. Және моно-қалаларда екінші нарықтағы үйлерді алуға болады. Мұнда да бастапқы жарна 20% болады.
Арман Саликов осы «Наурыз жұмыскер» бағдарламасы арқылы баспаналы болудан үмітті. Астанадағы электр қуатымен қамтамасыз ететін мекемеде жұмыс істейді. Әйелі, үш баласы бар.
АРМАН САЛИКОВ, ЭНЕРГЕТИК:
— Жастар бұл салаға көп келмейді. Ал мына бағдарлама біз сияқты маман иелерін ынталандырары сөзсіз. Мемлекет жас отбасыларға, түрлі сала жұмысшыларына баспаналы болуға үлкен мүмкіндік жасап отыр. Біз де осы бағдарлама арқылы өз үйімізге қол жеткіземіз деп үміттенемін.
Айта кетейік, «Отбасы банкі» отандық кәсіпорындармен бірлесіп, тағы бір жобаны іске қосты. Яғни кез келген ұйым үй алғысы келетін жұмысшының несиесіне қолқабыс етіп, қаржылай көмек көрсетеді.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.