Қысқы Азиада ойындары: Қазақстан төртінші орынға тұрақтады

Қазақстандық хоккейшілер ерледі. Ел қоржынына төртінші алтынды салды. Бүгін IX Қысқы Азиада ойындарының жабылу салтанаты. Сонымен ақ олимпиада спортшыларымыз қандай нәтиже көрсетті?
Қазақстан қоржынында төрт алтын. Отандық хоккейшілер Жапонияны 5:0 есебімен ұтып, алтыннан олжа салды. Бұл – ерлер құрамасы. Ал хоккейші қыздарымыз күмісті місе тұтты.
Жалпы Қысқы Азиада ойындарына елімізден 137 спортшы қатысты. Олар спорттың алты түрінен өнер көрсетті. Қоржынымызда 20 медаль бар. Оның төртеуі – алтын, тоғызы – күміс, жетеуі – қола. Жалпы командалық есепте Қазақстан төртінші орынға тұрақтады. Бірінші орында – Қытай, екінші орында – Оңтүстік Корея, үздік үштікті Жапония түйіндеді.
ИНАРА БАРСАҚБАЕВА – ТІЛШІ:
— Қазақстандық спортшылар қысқы Азиада ойындарына осымен алтыншы рет қатысып отыр. Ұлттық құрама бірінші рет 1996 жылы Харбиндегі додада жақсы өнер көрсеткен еді. Қазақстан қоржыны 14 алтын медальмен толығып, жалпы есепте 2-орынды еншілеген болатын. Араға 3 жыл салып, Кореяның Канвандо қаласында болған байрақты бәсекеде 10 медальді қанжығылады. Ал 2017 жылы Сапарада 9 алтын медаль иеленді.
Қысқы спорт түрлерінен Қазақстан қашан да жеңіс тұғырынан көрінген. Алайда спорт сарапшылары Азиада ойындарының бұл жолғы нәтижесіне көңілі толмайтындарын айтып жатыр. Диас Ахметшәріптің пікірінше, спорт саласында әлі күнге дейін шешімін таппаған түйткілді мәселе бар. Мысалы, жергілікті жерлердегі спорт мекемелеріне білікті маман тартылмайды.
ДИАС АХМЕТШӘРІП – СПОРТ САРАПШЫСЫ:
— Спорттық жүйенің қалыптаспауы – әлі күнге дейін үлкен мәселе. Азиада ойындары болсын, Олимпиада болсын, жүлдені кім әкеледі? Өңірлердегі спортшылар әкеледі. Соларды дайындап, Ұлттық құрамаға қосу керек. Ұлттық құраманың бас бапкері тізгіндеп алып кету керек. Өткен жылдың соңында бұл жұмыс алға баса бастады. Басқармалардың басшылары кім болды? Спорттан алшақ адамдар болды.
Дегенмен кейбір спорт түрлері, атап айтсақ, шорт-трек, фристайл акробатикадан Қазақстан құрамасы жақсы нәтиже көрсетті. Байрақты бәсекеде биатлоншылар да биіктен көрінді. Ерлер құрамасы эстафеталық жарыста екінші орынды еншілесе, әйелдер құрамасы үшінші орынға жайғасты.
———————————————