Жергілікті әкімдердің құзыреті күшейіп, бюджет қаражатын билеу мүмкіндігі молаяды. Сенат отырысында жаңа бюджет Кодексінің жобасы талқыланды. Әкімдердің әмірін күшейтетін тармақ дәл осы құжатқа енгізілген. Жобаны бүге-шігесіне дейін қараған депутаттар заңның бір қайнауы ішінде деген байламға келді. Сөйтіп, заң жобасын тағы бір пысықтау үшін Мәжіліске қайтарды.
Жаңа бюджет кодексінде жергілікті мемлекеттік атқару органдарының қаржылық қамтамасыз етілуі мен құзыретіне қатысты негізгі бағыттар айқындалған. Маңызды құжатта әкімдерге өкілеттік беру арқылы жауапкершілік нормаларын оңтайландыру көзделген. Осылайша, жергілікті қазына қаражатының мүмкіндіктерін кеңейтуге басымдық берілмек. Алайда депутаттар бұл бағытта бірқатар сұрақ туындайтынын жеткізді.
СЕРІК ӨТЕШОВ, СЕНАТ ДЕПУТАТЫ:
— Бюджеттік деңгейлер арасындағы шығындарды бөлу республикалық, облыстық, аудандық, ауылдық бюджеттердегі салалық бағыттардың қаржыландырылуы арқылы орталық және аумақтық деңгейдегі қызметтерді анықтайды. Алайда бірқатар салалық функцияны республикалық және жергілікті деңгейге бөлуге қатысты сұрақтар мен сын-пікірлер туындайды. Атап айтсақ, бұл білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, қылмыстық атқару жүйесі, қорғаныс және басқа салалар бар.
Депутаттар әкімдердің өкілеттігін күшейтпес бұрын олардың кадрлық, қаржылық, іскерлік мүмкіндіктеріне талдау жасау керек екенін айтады. Ал Үкімет басшысының орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жаманғариннің мәліметінше, бүгінгі күні жергілікті бюджеттердің үлесі 47% артып отыр. Негізгі міндет – мемлекет қаражатын ысырап қылмай, әр тиынды тиімді жұмсау.
МӘУЛЕН ӘШІМБАЕВ, СЕНАТ СПИКЕРІ:
— Америка құрама штатында үкімет тиімділігін арттыру мақсатында жаңа министрлік кабинет жасақталды. Оған Илон Маск жетекшілік етеді. Жаңа мекеменің негізгі міндетінің бірі – мемлекеттік шығындарды азайту. Егер белгілі бір салаға қаражат мақсатсыз бөлінді деп есептелсе, ол бюджетке қайтарылады. Әрине, бізге осы бағытта бюджет қаржысын ұтымды пайдаланудың тетіктерін енгізу керек.
Сенат отырысынан кейін Үкімет басшысының орынбасары – Ұлттық экономика министрі баспасөз брифингін өткізді. Серік Жаманғарин Ұлттық қордан бөлінетін трансферт көлемінің шектелетін айтты. Қаражат тек маңызды инфрақұрылымды және республикалық маңызы бар жобаларды дамытуға бөлінбек.
СЕРІК ЖАМАНҒАРИН, ПРЕМЬЕР-МИНИСТРДІҢ ОРЫНБАСАРЫ – ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:
— Кепілдендірілген трансферт көлемі – 2 трлн теңге. 12 нысаналы трансферт Кепілдендірілген трансферттен 30% аспайды.
Астана халықаралық форумын өткізуге биыл 4 млрд-тан астам теңге жұмсалмақ. Тілшілердің назарына іліккен сұрақтың бірі осы. Маңызды шараны ұйымдастыруға қаражат бюджеттен қарастырылып қойған.
ИНАРА БАРСАҚБАЕВА, ТІЛШІ:
— Дегенмен Ұлттық Экономика министрі шығынды азайту үшін демеушілердің де тартылтанын атап өтті. Министрдің пікірінше, мұндай ауқымды әрі салмақты форумның берері мол. Мұндай алаңда ең алдымен елге сырттан инвестиция тартуға мүкіндік мол.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.