Ұялы байланыс қызметі қымбаттады. Оператор халықтан қашанғы ақша сора бермек?

Ұялы байланыс қызметі мен интернет құны тағы қымбаттады. Операторлар шығынымыз көбейді дегенді алға тартады. Ал сапасына мән беріп отырған ешкім жоқ. Бәсекелестікті қорғау агенттігі операторлардың әрекетін тексеруді белгісіз себеппен тоқтатып отыр.

Бірінші ақпаннан бері «Билайнның» «Үйдегі интернет» тарифі өсті. Өскенде де, жарты жылдың ішінде құны шамамен екі есе көбейген. 9 мың теңге төлеп келген тұтынушылар үйдегі интернет үшін қазір 16 мың теңге санап беруге мәжбүр.

«Бағаны өсіріп, түскен ақшаға сапаны жақсартып жатырмыз», — дейді «Билайндағылар». Компания өкілдері былтыр 500 шақты базалық станса орнатып, 3000 нысандағы құралды жаңарттық деп отыр. Электр энергиясының қымбаттауы мен валюта бағамының құбылуын да бағаның өсуіне себеп деп көрсеткен.

«BEELINE» БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ:
Қазір Beeline-ның 50-ден астам белсенді тарифі бар. Тарифтер ешқашан бір уақытта өзгермейді. Байланыс қызметін ұйымдастыруға кеткен шығынды ақтамай тұрған ескі тарифтік жоспарларды қайта қарадық. Соңғы рет тарифтердің тек 5% бағасы өзгерді.

Tele2/Altel компаниясы 11 ақпаннан бастап кейбір тарифтің өзгеретінін өзінің сайтында жариялап қойған. Желілерді дамыту, жаңарту, жөндеу және оған қызмет көрсету шығынының өсуіне және құрылғы бағасының қымбаттауына байланысты бағаны өсіріп жатырмыз делінген оператор сайтында. Ал KCELL байланыс операторы бағаны ай соңында көтеруді жоспарлап отыр.

KCELL АҚ Корпоративтік байланыс бөлімі:
«Қазіргі экономикалық жағдайды зерттеп, желіні дамыту мен қолдау шығындарын бағалағаннан кейін, компания кейбір тарифтік жоспарлар бойынша тарифтерді көтеру туралы шешім қабылдады. Өзгеріс 23 тарифтік жоспарға әсер етеді, бұл компанияның жалпы тарифтерінің 20% құрайды. Баға орташа есеппен 13% өседі. Бұл 430 теңгеге тең. Айта кету керек, баға өскенімен, біздің тарифтеріміз нарықтағы ең қолжетімді тарифтер қатарында болып қала береді».
Цифрлық даму министрлігі байланыс қызметі мен интернет сапасын арттыру мақсатында былтыр 780 рет тексеру жүргізген. Қызмет сапасында мін табылған операторларға жалпы сомасы 1,5 млрд тг көлемінде айыппұл да салынған. Бірақ министрлік ұялы байланыс операторларының баға саясатына араласа алмайды екен.

АЗАМАТ СЕРІКТАЕВ, ТЕЛЕКОММУНИКАЦИЯ КОМИТЕТІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:
— Байланыс туралы заңның 29-бабына сәйкес, біздің байланыс операторлары тариф бағасын өздерінің шығындарына негізделе отыра дербес айқындайды. Яғни тарифті айқындау кезінде Цифрлық даму министрлігі ешқандай процестерге қатыспайды, атсалыспайды.

Байланыс операторларының тарифті өсіртуге не себеп болғанын бәсекелестікті қорғау агенттігінен де сұрадық. Ресми сауалға жауап әлі берілген жоқ.
———————————————