Солтүстік Қазақстан облысында табиғат жанашырлары жабайы жануарларды қамқорлыққа алып, қолдан қоректендіре бастады. Себебі ақпан-наурыз айларында түз тағыларының өздігінен азық табуы қиындайды. Қысы ұзақ әрі қатты болатын аймақты бүгінде марал, елік, қабан сынды жануарлар мекендейді. Жауаптылар биыл оларды өзге облыстарға көшіруді жоспарлап отыр. Оның себебі неде?
Солтүстік Қазақстан облысына осыдан 40 жыл бұрын маралдың 20 лағы әкелінген. Қазір олардың саны мыңнан асты. Жануарлар қолдан қоректенгендіктен, адамнан қорықпайды. Жазда орманда емін-еркін жайылса, қыста табиғат жанашырлары оларды қамқорлыққа алады. Яғни бұл кезде олардың өздігімен азық табуы қиындайды.
Сайын даланың еркелеріне мұнда алты адам күтім жасайды. Солардың бірі – Руслан Құсайынов. Қазір ол марал, елік, қабан сынды жануарларды күніне 2-3 мәрте азықтандырады. Кейін 62 мың гектар аумақты барлап, бақылау жүргізеді.
Руслан Құсайынов, инспектор:
— Бұлар енді теуіп жейді ғой. Теуіп жегеннен кейін энергиясы көп кетеді де, кішкене қиындау болады. Сондықтан оларды қоректендіріп отырамыз. Жем жеткілікті. Сыпырғыш бар. Міне, осы айдан бастап сыпырғыш беріп жатырмыз. Себебі дәрумен.
Қазір өңірді мекендеген марал саны 1300-ге жуықтаған. Көп жылдан бері қан жаңартылмаған соң, түз тағылары әбден ұсақталып кеткен. Сондықтан биыл табиғат жанашырлары осы мәселеге баса назар аудармақ.
НИКОЛАЙ ГУСЕЛЬНИКОВ, АЙМАҚ ДИРЕКТОРЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:
— Ақпан айының соңында аэро-есептеу жүргіземіз. Артынша Шығыс Қазақстан не болмаса Бурабайдан басқа тұқымын әкелуді жоспарлап отырмыз. Себебі қан жаңарту керек. Сол кезде түрлі ауру-сырқаудан тазарып, жарты тоннаға дейін салмақ қосады. Қазір 150-200 келідей ғана. Жалпы соңғы рет 2004 жылы сырттан төрт бас әкелген едік. Бірақ бұл өте аз.
Бүгінде өңірде 47 аңшылық шаруашылығы бар. Олардың барлығында жем-шөп салуға арналған арнайы орындар қарастырылған. Естеріңізге сала кетейік, былтыр дәл осы кезде еліктер азық іздеп, қала ішіне де кіріп кеткен еді. Сондықтан мұндай жағдай қайталанбас үшін, қорықшылар биыл оларды азықтандыруды ерте бастады.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.