Алматы жер сілкінісіне дайын ба?

Алатау бөктеріндегі Алматы жойқын жер сілкінісіне дайын ба? Осы сұрақ алып шаһар тұрғындарын күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырғаны белгілі. Салалық сарапшылар мен шенеуніктер де мегаполисті сақтаудың ғылыми тетіктерін іздеу үстінде. Былтыр болған қос дүмпу айтып келмейтін апатқа дайындықтың әлсіз екенін көрсетті. Басты мәселе, тұрғындар жиналатын ашық алаңдар жоқ және хабарландыру жайы да ақсап тұр.

Өткен жылдың қаңтары мен наурызында болған жер сілкінісі алматылықтардың әлі есінде. 5 баллдық жерасты толқулары кезінде қала тұрғындары шарасыз күйде абдырап қалды. Жоғарғы қабаттағы пәтерлерін сатып, көштің бетін өзге өңірлерге түзегендер де болды.

МҰСА ТҰРЛЫБЕКОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Біз 10 қабатты үйде тұрамыз. Қабырға қозғалып, ыдыс-аяқ түгел қирады. Сол жағдайдан кейін дереу әке-шешемді алып, төменгі қабатқа көштім. Бұл жақта негізгі қабырға 50 сантиметр. Ал қазіргі жаңа үйлерде соның жартысы ғана.

Жойқын жер сілкінісінен кейін тұрғындар хабарландыру қызметінің нашарлығына шағым білдірген болатын. Осыдан кейін жергілікті билік ақпараттандыру жүйесінің жетілдірілгенін жеткізді. Әр үйдің қабырғасына кісі жиналатын алаңдардың орны көрсетілген сызба ілінген. Дегенмен Алматыда ондай алаңқайлар өте аз.

СЕРГЕЙ ПОНОМАРЁВ, МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ:
— Қала ішіндегі ғимараттар өте тығыз орналасқан. Жаңа құрылыстар да жапсарлас салынуда. Бұрынғы алаңдар мен стадион, саябақтардың орнына да нысандар тұрғызылған. Бұл алаңдайтын мәселе. Жер сілкінсе, көшелердің өзі адамға толады. Сол кезде қала шетіндегі қауіпсіз алаңға жету мүмкін болмайды.

Қала шетіндегі қауіпсіз алаңға жету оңай емес. Алматы бойынша тек Түрксіб ауданында күркелі қалашық әзірленген. Оның өзі 50 мың адамға ғана шақталған. Яғни алматылықтардың 2% ғана орналаса алады.

БАТЫРХАН СҮЛЕЙМЕНОВ, ЖДСҚ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
— Қала көлемінде зардап шеккендерді қабылдайтын 380 бекет бар. Жер сілкінісі болған жағдайда олар дереу ашылып, тұрғындарға медициналық, психологиялық көмек көрсетіледі. Бекеттер негізінен білім беру және денсаулық сақтау нысандарында орналасқан.

Қала әкімдігі сондай-ақ сейсмологиялық институттың құрылғыларын жаңарту мен тұрақты оқу-жаттығу жиындарына да қомақты қаржы бөлген. Дегенмен сала мамандары төтенше жағдай кезінде құтқару операциясының сәтті болуы тұрғындарға тікелей байланысты екенін айтады.
———————————————