Шиелі кентінің шетінде күкірт қышқылын сақтайтын қойма салынып жатыр. Жергілікті жұрт ауыл ішіне уранның уыты тарайтын болды деп алаңдаулы. Әкімдік өкілдері құрылыстан кінәрат тауып, кәсіпкерді сотқа берген. Ал экологтар кәсіпорынды зерттеуге ниетті.
«Салынып жатқан нысан мен үйлердің арасы 500 метрге де жетпейді. Бұл санитарлық талаптарға сай емес», — дейді медицина саласының ардагері Болат Күлімбет.
БОЛАТ КҮЛІМБЕТ, ШИЕЛІ КЕНТІНІҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Алты цистерна тұр. Әр цистернасы 1000 куб метр. Сонда 6 мың куб күкірт қышқылын сақтайын деп отыр. Ал Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің 2022 жылғы 11 қаңтардағы бұйрығының 13-ші бөлігі, 51-ші тармағының 2-ші тармақшасында 1000 кубтан асатын күкірт қышқылының қоймасы елді мекеннің шетінен кемінде мың метр болу керек деген. Ал бұл аралық аудандық құрылыс мамандарының есептеуі бойынша арасы 420 метр.
Енді экологтар кәсіпорын аумағын зерттеуге ниетті. «Алайда ол үшін құзырлы органдардың рұқсаты қажет», — дейді. Аудан әкімдігі өкілдерінің айтуынша, кәсіпкердің құжатында кінәрат бар.
АЙТБАЙ ЖАНДАРБЕКОВ, ШИЕЛІ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:
— Құжаттарының дұрыс болмауына байланысты сотқа жүгінгенбіз. Сотта қаралып жатыр. Бір-екі рет соттан қайтып келген, біз құжаттарымызды дұрыстап қайтадан бердік. Бұл жерді сәуір айында кәсіпкерлік мақсатта сатып алған. Оның барлығы – Үкіметтің қаулысы, заңға сәйкес жұмыс істеледі.
АЛМАС ЫСҚАҚОВ, ЭКОЛОГИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Құзырлы органдар толықтай қарастырады. Біз де өз тарапымыздан талдау жүргізіп, прокуратураға хат жазып, ұсыным алдырып, тиісті шарасын жасап жатырмыз.
Иә, тұрғындардың шағымы ескеріледі. «Алаңдауға негіз жоқ», — дейді. мамандар. Дегенмен жергілікті жұртқа қойма салынбас бұрын мәселенің басы неге ашылмағаны түсініксіз болып отыр.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.