Ақтөбедегі көпқабатты үйлердің тұрғындары жылу үшін ай сайын келетін қомақты төлеммен келіспейді. Есет батыр шағынауданында ондаған адам жылумен жабдықтау ұйымының өкілімен кездесуге шығып, түсініктеме талап етті. Тұрғындардың айтуынша, мәселе үйлерге жалпыүйлік есепке алу құралдары орнатылғаннан кейін басталған.
Ақтөбеліктер жылу мен ыстық судың тарифін қымбатсынып отыр. Үнемдеп пайдаланса да, тіпті мүлдем тұрмаса да, ай сайын 20 мыңдай теңге түбіртек келеді екен.
ГҮЛДАНА ҚАШКЕНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Мен өткен айда 19 300 тг төледім, қаңтар айында 24 мың тг төледім, 85 мың тг айлықпен осыларды төлеп әлек болып жатырмын. Мүлдем базаға түспеген, кеше ғана бардым, нөл көрсетіп тұр. Ортақ құрылғыны дұрыстап есептеп бізге қолжетімді етіп шығарсын!
Тұрғындардың айтуынша, бұл мәселе жалпы үйлік құрылғы орнатылғаннан кейін басталған. Бұрын тариф әр пәтердегі жеке есептеуіш құрал арқылы анықталса, енді жалпы үйдің шығыны әр пәтерге бөлініп отыр.
МЕЙРАМГҮЛ ХИМАШЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Қалай санап жатсыңдар десем, бір бөлмелі пәтер 1500 тг шығады, екібөлмелі үй шамамен 4 500 тг, ал үшбөлмелі үйге 7-8 мың тг шығады деді. Қалай есептедіңдер десем, ауданы бойынша дейді. Бәріне ортақ бір баға қойсын.
Жылумен жабықтаушы компания өкілдері төлемнің артуын биылдан бастап тарифтің өсуімен байланыстырады.
ЖЕҢІС ҚАМБАР, БӨЛІМ БАСШЫСЫ:
— Жеке есептеуіш құралы үйдің жалпы есептеуіш құралымен бірге сәйкес жұмыс атқаруы керек. Есептеуіш құрал істен шыққан жағдайда не тексерістен өтпей қалғанда, жеке есептеуіш құрал да автоматты түрде істен шығады.
Енді тұрғындар жылумен қамтушы компаниядан үйдегі жалпы есептеуіш құралды тексеріп, тарифті қайта есептеуді сұрайды. Өйткені ай сайын келетін артық төлемді қалың жұрттың қалтасы көтермейді.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.