Енді химия, физика және биологияны біріктіріп оқуға болады. Бұл бір оқушыға майдай жақса, енді біреулеріне ұнамай жатыр. Қазақстанда жаңа білім стандарты бекітілді. Онда жасанды интеллект игілігін қолдану енгізілген.
Оқу пәндерін біріктіру мәселесі қазір білім беру қызметкерлері арасында қызу талқыланып жатыр. Жаңа стандартты енгізуге қатысты ұстаздардың пікірін білдік. Мысалы, Жамбыл Жабаев атындағы №4 мектеп-гимназиясының мұғалімі Шарбану Күдерина бұл талапты енгізуге әзірге ерте екенін айтады.
ШАРБАНУ КҮДЕРИНА, МҰҒАЛІМ:
— Химия пәнінде заттардың реакциясын өтетін болса, биологияда ағзадағы үрдістер оқытылады. Ұқсас тақырыптарды біріктіріп оқытуға болады. Дегенмен әр пән әртүрлі мазмұнда болғандықтан, бұл форматты қарастыру керек.
11-сынып оқушысы Томирис Маратова болашақта дәрігер болуды армандайды. Сондықтан химия, биология пәні бойынша алдағы маңызды емтиханға тыңғылықты дайындалып жүр. Аталған пәндер біріктірілмей, дәстүрлі қалпында қалу керек деп санайды.
ТОМИРИС МАРАТОВА, ОҚУШЫ:
— Алгербра, геометрия пәндерін біріктірген дұрыс. Балаларға оңай болады. Биология, химия пәндеріне келетін болсақ, ол ғылымдарды біріктіру мүмкін емес деп санаймын. Біріктірудің қажеті жоқ. Биология адамды зерттейді, химия заттардың органикалық, бейорганикалық құрылыстарын зерттейді.
Оқу бағдарламасына жаңа стандартты енгізуге қатысты мұғалімдердің пікірі әртүрлі. Кейбір пәндерді біріктіріп оқытқысы келетін ұстаздар да бар. Тың бастама білім сапасын жақсартуға септігін тигізетінін айтады.
АЙГҮЛ ҰСАБАЕВА, МҰҒАЛІМ:
— Біріктіру мақсатында жеңілдетілген бағдарлама қолға алынып, кітаптар өзгертіліп шықса, оқушыларға да ұнайды деп ойлаймын. Гуманитарлық пәнді таңдаған балаға жаратылыстану пәнін оқу тиімді емес те шығар. Бәрін біріктіріп, қысқа түрде оқыту тиімді болуы мүмкін.
Келер жылы енгізілетін жаңартылған білім стандартына қатысты сауалымызды Ұлттық білім беру академиясының вице-президентіне жолдадық. Руслан Қаратабанов: «Пәндерді біріктіру міндетті шара емес, әр мектептің өз таңдауында», — дейді.
РУСЛАН ҚАРАТАБАНОВ, ҰЛТТЫҚ БІЛІМ БЕРУ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ:
— Бұл тұрғыда мектептің педагогикалық ұжымы шешеді. Дайындығы мен тәжірибесі болса, бағдарлама құрастырып, сол бойынша сабақ бере алса, біріктіруге болады. Химия, физика, биологияны жаратылыстану пәніне, дүниежүзі тарихы мен құқық негіздерін әлеуметтік ғылымдар пәніне, алгебра мен геометрияны біріктіре алады.
Отандық білім беру жүйесіне бұл стандартты енгізуге Сингапур сияқты озық елдердің тәжірибесі үлгі болған. «Білімді ұрпақ тәрбиелеу ісінде тың технологияны енгізу маңызды», — дейді ағарту саласының өкілдері. Мысалы, 2026 жылдан бастап мектептегі барлық пәнге жасанды интеллект элементтері енгізіледі. Бұл – технология дамыған заманда оқушы мен ұстаздың цифрлық дағдыларын дамыту үшін қолға алынып отырған шара.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.