Күллі әлем Харбинге қарап отыр. Дәл қазір Қытайда IX Қысқы Азия ойындарының ашылу салтанаты аяқталуға жақын. Covid-19 кесірінен кейінге қалдырылған Қысқы Азия ойындары араға сегіз жыл салып, қайта жанданды. Спорт додасы Харбиннен басталғаны қызық. Бұл қала 30 жылдай бұрын Ақ Азиада алауын қабылдаған екен. Биылғы жарысқа 34 елден мыңнан астам спортшы қатысып жатыр. Олар 196 медаль жиынтығын сарапқа салады. Біздің спортшылар спорттың 6 түрінен бақ сынайды. Ұлттық құрама сапындағы ең жас ойыншы – 15-тегі фристайлшы Асан Асылхан. Ең ересегі – 41 жастағы шаңғышы Денис Власов. Ал Қазақстан туын ашылу салтанатында хоккейші Әділ Бекетаев пен шорт-трекші Ольга ТИхонова ұстап шықты.
ӘДІЛ БЕКЕТАЕВ, ХОККЕЙДЕН ҚАЗАҚСТАН ҰЛТТЫҚ ҚҰРАМА ОЙЫНШЫСЫ:
Біздің құраманы көпшілік алдына алып шығу маған бұйырыпты. Мен үшін зор бақыт. Мұндай сәт адам өмірінде бір-ақ рет болады ғой. Қытай жағы шараны өте жоғары деңгейде ұйымдастырған. Мұндағы атмосфераны ауызбен айтып жеткізу мүмкін емес.
МЕЙРАМҒАЗЫ САПАРҒАЛИЕВ, СДШІ КОМИТЕТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
— Осы уақытқа дейін іріктеу турларында хоккейден ерлер құрамасы ешкімге дес бермей, алда келе жатыр. Шорт-тректен бірнеше спортшымыз ширек финалға өтті. Ертең конькимен жүгіру спорты бойынша біздің спортшылар ақтық финалда сынға түседі. Әрине, біздің спортшылардың орны ерекше. Өйткені осы уақытқа дейін алдыңғы қатардан көріндік. Сондықтан басты фавориттердің бірі – осы қазақстаннан келген спортшылар.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.