Шомылу маусымы басталғалы 81 адам суға кетті

Қазақстанда шомылу маусымы басталғалы 81 адам суға кетті. Оның 28-і – бала. Ал құтқарылғандар қатары 99 болса, соның 37-сі – бала. Төтенше жағдайлар министрлігі келтірген деректерге сәйкес, былтыр дәл осы кезеңде 83 қайғылы оқиға болған. Осыған байланысты құтқарушылар демалушыларға қауіпсіздік ережелері мен сақтық шараларын қаперде ұстауды ескертеді. Бүгінгі таңда өңірлерде шомылуға тыйым салынған 5000-нан астам орын анықталған. Бұл аймақтарда халықты ақпараттандыру үшін 7000-ға жуық ескерту және тыйым салу белгілері орнатылған. Қауіпсіз демалысты қамтамасыз ету мақсатында төтенше жағдайлар қызметкерлері 722 рұқсат етілген шомылу орнын ұйымдастырған. Оның 245-і – коммуналдық жағажай. Бұдан бөлек, шомылу маусымы басталғалы құтқарушылар 12000-нан астам рейд пен патруль жүргізген. Оларға Ұлттық ұлан әскери қызметшілері көмек көрсетіп келеді.
БЕКСҰЛТАН СҮТТІБАЙ, ҰЛТТЫҚ ҰЛАН 3660 ӘСКЕРИ БӨЛІМІНІҢ ОФИЦЕРІ:
— Күнде 17:00-ден 23:00 аралығында қоғамдық тәртіпті күзету үшін әскери топтар тағайындалады және ол әскери топтар қоғамдық тәртіпті күзету барысында Қонаев қаласы және жағалаудағы тәртіп бұзушылықтарының алдын алады. Жоғалған балаларды және қымбат заттарды табуына көмектеседі. Қапшағай су қоймасында жазғы маусымда азаматтардың қауіпсіздік шараларын сақтауы жайлы ескерту жұмыстарын жүргіземіз.
———————————————