Енді сталкинг қылмыстық іс саналады

«Аңдыған жау алмай қоймайды». Жаугершілік заманда жиі қолданылған бұл мақал қазір де өзектілігін жоймай тұр. Әрине, атауы өзгерген және мазмұны да жаңарған. «Сталкинг» деп сыпайы қылып айтамыз. Енді адамға талақша жабысып, ізінен қалмайтындарға жауапкершілікті күшейтпесе болмайтын секілді. Өйткені кісінің қыр-соңынан қалмай, аңдығандарға тек айыппұл салынады. Мәжіліс депутаттары осындай мәселе көтерді.
АҢДУШЫ АЙЫППҰЛМЕН ҚҰТЫЛМАЙДЫ
Сталкинг. Яғни адамды аңду, оның жеке өміріне қол сұғу. Тіпті танысыңыз сізге шектен тыс көңіл бөліп, мазаңызды алса, қудалау болып саналады. Енді бұл әрекет қылмыстық іске жатады. Мәселе Парламент Мәжілісінің кезекті отырысында талқыға салынды.
МҰРАТ ӘБЕНОВ, МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ:
— Сталкинг ұғымы қылмыстық кодекске енгізіледі. Енді адамды аңду қылмыстық іс саналады. Жазаның нақты түрлері әлі белгісіз. Қарастырылып жатыр.
Қоғам қайраткері Дана Нұржігітттің айтуынша, қазір кез келген адам сталкингтің құрбаны болуы мүмкін.
ДАНА НҰРЖІГІТ, ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ:
— Сталкинг жөнінде бап болсын деген ой неден шықты? Ауыр қылмыстардың алдын алу. Өйткені біз көп жағдайда әлеуметтік желіден көріп жатамыз. Ауыр қылмыс болған. Бірақ алғашқы белгілері «ізінен қалмаған, түрлі хаттар жазған» деген дүниелер қалыс қалып жатады. Кейін бұл қылмысты тоқтататын едік қой деген өкініш болады. Біз сталкингті бөлек Қылмыстық кодекстегі бап ретінде қарастырмадық. Олқылық сонда.
Егер сізді біреу қудалап, ізіңізден қалмаса – полицияға шағымдану қажет. Оған кез келген хабарлама, артық соғылған қоңырау дәлел бола алады.
НҰРГҮЛ МӘЛІК, ЗАҢГЕР:
— Сталкер құрбаны болғаныңызды сезсеңіз, онда сол хат алмасқан скриндерді жинай бастаған дұрыс. Оған қоса сталкер коңырау шалып мазаңызды алса, бопсаласа, сол қоңырауды диктофонға жазып алу керек. Видеоға да түсіру қажет. Өйткені кейін сотқа бергенде, бұл сіздің нақты дәлеліңіз бола алады.

Мәжіліс депутаты Абзал Құспан жұмыс тобының бұл норманы мақұлдағанын айтты. Жаңа заң жобасы палатаның екінші оқылымына енгізіледі.
———————————————