Қазақстанда қаржы қызметі саласындағы қауіпсіздік күшеймек. Енді банк картасын үшінші тұлғаға бергендер қылмыстық жазаға тартылады. Заңға енгізілген өзгеріске сәйкес, материалдық сыйақы немесе басқа пайда алу үшін өзге адамның атынан ақша аударғандар және ұрланған қаражатты заңдастыруға көмектескендер сотталады. Яғни бұл дропперліктің бір белгісі болып есептеледі. Полицияның хабарлауынша, өздерінің төлем құралын үшінші тұлғаға бергендер көп жағдайда қылмысқа қатысы бар екенін де білмей жатады. Сол себепті Ішкі істер министрлігі қылмыстық заңнамаға енгізілген өзгерістерге байланысты азаматтарға аса сақ болуды ескертеді. Себебі кейін алаяқтық істерге сыбайлас ретінде тартылуы әбден мүмкін. Ресми мәлімет бойынша, былтыр 6 200 дроп-карта анықталған. Сол арқылы қылмыскерлер алаяқтық жолмен алынған 24 миллиард теңгені заңдастырған.
ШҰҒЫЛА ТҰРЛЫБЕК, ІІМ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
— Естеріңізде болсын, жеке және банктік деректер жай ғана ақпарат емес, бұл сіздің мүлкіңіздің, қауіпсіздігіңіздің және заң алдындағы жауапкершілігіңіздің кілті. Ешқашан банктік деректеріңізді үшінші тұлғаларға бермеңіз. Картаңызды немесе шотыңызды беру арқылы оңай ақша табуға келіспеңіз. Күдік туындаған жағдайда дереу банкке немесе құқық қорғау органдарына хабарласыңыз.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.