БАД бизнес көзі ме?

Елде биологиялық белсенді қоспаның онлайн саудасы қызып тұр. Былтыр нарықтағы сауда көлемі 4 есе өскен. Кореялық қоспа керек пе, жапонның коллагені ме? Ресейлік түрлі дәрумендер WhatsApp-чаттарда еш кедергісіз сатылып жатыр. Олардың бәрі бірдей мемлекеттік тіркеуден өткен бе? Санитар мамандар бұған не дейді?

Сәнім Қалиева уыстап дәрі ішетін жандар қатарынан. Зейнеткер: «Жеті жыл бойы қатерлі ісікпен күрестім, қазір құлан-таза айықтым», – дейді. Бұған биологиялық белсенді қоспа көмектескен екен. Химиотерапиядан кейін аяққа тұрғызған осы зат деп қария қоспаның «ғажайып» күшіне сеніп отыр.

СӘНІМ ҚАЛИЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
– Бұл дәрумен емес, дәрі емес, бұл клеткалық тамақтандыру. Мен сол ішкен дәрілерден қорек аламын. 42 келіден қазір 58 келіге көтерілдім. Қан қысымым орнына түсті. Химиотерапия толығымен тоқтатылды.

Биологиялық белсенді қоспаның ешбірінің еш ауруды жоятыны немесе емдейтіні дәлелденген жоқ. Қатерлі ісікті анықтау және емдеудің қазақстандық протоколында мұндай зат мүлдем қолданылмайды. «Бірақ кей дәрігерлер жеке бас пайдасы үшін науқасқа 1-2 «БАД» жазып беруі мүмкін», — дейді онколог Данара Сүлейменова. Керісінше кейбір дәрумен я биологиялық қоспаны байқап ішу керек.

ДАНАРА СҮЛЕЙМЕНОВА, ОНКОЛОГ-ДӘРІГЕР:
– Тіпті жай дәруменді қабылдаудың өзі қатерлі ісікті қоздырып жіберуі мүмкін екені дәлелденді. Кейбір ауруларға биологиялық белсенді қоспаны ішуге мүлдем болмайды. Сондықтан витамин, БАД ішпестен бұрын дәрігермен кеңесу керек.

Дегенмен елімізде дәрумен мен биологиялық қоспаның онлайн саудасы қызып тұр. Euromonitor International сараптама орталығының есебі бойынша, 2023 жылы Қазақстанның биологиялық белсенді қоспалар нарығы 11,5% өсіп, $195 млн болған. «Мың сырқатқа ем болатын» биологиялық қоспа, дәруменнің жарнамасынан әлеуметтік желіде көз сүрінеді. Санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің мамандары инстаграмда қаптап кеткен заңсыз БАД сатушы аккаунттарды бұғаттап әлек. Былтыр жалған жарнама таратқан 1505 аккаунт жойылған. Құжаты жоқ және сапасы талапқа сай емес 5500 тонна белсенді қоспа өнімі айналымнан шығарылды.

ДАНА ҚАСҚАТАЕВА, СЭҚ КОМИТЕТІНІҢ БАС САРАПШЫСЫ:
– Осындай БАД қандай да бір қатерлі ісікті емдейді, оның алдын алады, бір нақты ауруларды жояды деп айтуға тыйым салынады. Сонымен қатар онлайн сатылатын БАД өнімдердің сапасы мен қауіпсіздігін растайтын мемлекеттік тіркеуден өтті деген құжаты болуы керек. Ондай құжаты болмаса, оны жарнамалауға, сатуға тыйым салынады.

Сондықтан мамандар тек мемлекеттік тіркеуден өткен қоспалар мен дәруменді сатып алуды кеңес береді. Оны Еуразия экономикалық комиссиясының сайтындағы мемлекеттік тіркеу туралы куәліктердің бірыңғай реестрінен қарау керек. Реестрде қоспаның атауы, қай елде шығарылғаны, құрамы, сапасы туралы ақпарат көрсетілген. Қазақстанда қазір мемлекеттік тіркеуден өткен 2100 биологиялық белсенді қоспаны ғана сатуға рұқсат.

ГҮЛВИРА СЕЙТЕНОВА, ТІЛШІ:
– Биологиялық қоспаны сатып алмастан бұрын сатушыдан өнімнің сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжатты сұрау керек. Екіншіден, қораптағы ақпаратқа мән берген жөн. Қазақстанда тіркелген өнімнің қабында міндетті түрде қазақ тілінде мәлімет жазылады. Сондай-ақ өнімнің құрамын мұқият оқу керек. Қоспа ішіндегі кей заттар аллергия тудыруы мүмкін.
———————————————