15 млрд теңге. Бес мыңға жуық салымшыны сан соқтырып, шетел асып кеткен алаяқ ұсталды. Бас прокуратура қаржы пирамидасының жетекшісін Қырғызстаннан тапты. Ол қашып жүргенімен қоймай, көрші елде кісі өлтірген. Енді екі елдің заңы бойынша жауапқа тартылады. Жалпы, қаржы пирамидаларының құрығына халық неге жиі ілігеді?
Бұл QI-Trade қаржы пирамидасының ұйымдастырушысын Қазақстанға жеткізу сәті. Халықаралық іздеуде болған күдікті енді Қазақстанда қаржы пирамидасын құрғаны үшін қылмыстық жауапқа тартылады.
ЕРЛАН ЖАНПЕЙІСОВ, БАС ПРОКУРАТУРАНЫҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
– Іздеуде бола тұрып ол Қырғызстанда кісі өлтіру қылмысын жасап, Қырғыз сотымен сотталды. ҚР Бас прокуратурасының сұрауы бойынша ол уақытша ұстап берілді. Ал қаржы пирамидасын құрғаны, басқарғаны үшін қылмыстық жауапқа тартылғаннан кейін Қырғыз Республикасына қайтарылады. Көрші елде жазасын өтегеннен кейін күдікті Қазақтан аумағында жасаған қылмысы үшін жазаланады.
Бас Прокуратураның мәліметінше, күдіктінің мүлкі тәркіленіп, 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Ал бұған дейін қылмыстық топтың екі мүшесі Ресей мен Польшадан экстрадицияланып, бірнеше жылға сотталған.
ИНАРА БАРСАҚБАЕВА — ТІЛШІ:
– Айта кетейік, топ мүшелері 2017-2020 жылдар аралғында QI-Trade Kazahstan қаржы пирамидасын ұйымдастырып, бес мыңға жуық салымшыны алдаған. Айына 8% дейін пайда табуға болады деп уәде берген. Осылайша, салымшылардың сеніміне кіріп, 15 млрд жуық теңгесін қалтаға басқан.
Халықтың қалтасын қағатын қаржы пирамидалары азаяр емес. Олардың тұзағына оңай жолмен олжалы болғысы келетін азаматтар түседі. «Халықтың дені жеңіл ақша табуға құмар», — дейді заңгерлер.
ЕРЛАН МОЛДАХМЕТОВ, ЗАҢГЕР:
– Мұндай схемалар көбіне туыстар арқылы тарайды. Басқалардың төлем алғанын көрген адамдар қауіп-қатер туралы ойланбайды. Құқықбұзушылық бойынша арызбен жүгінеді. Қылмыстық қудалау органына арызбен жүгінеді. Көп жағдайда адамдар заңгерлерге пирамида құлағаннан кейін, төлемдер тоқтаған кезде ғана жүгінеді. Кейбіреулер әлі де салымдарын қайтаруға үміттенеді.
Алаяқтық әрекеттерін жасыру үшін қаржы пирамидалары инвестициялық жоба немесе желілік маркетинг ретінде тіркеліп, жұмыс істейді. Заңгергер оларға ақша салып, алданбас үшін халықтың қаржылық сауатын арттыру керек деп есептейді.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.