Қостанайлық шаруалар көктемгі егін жұмыстарына берілетін жеңіл несиені тағы да кеш аламыз ба деп алаңдайды. Биыл егіншілерді қолдауға мемлекеттен 700 млрд теңге бөлінбекші екен. Бірақ бұл жаңалық фермерлерді қуанта қоймады. Олар бұл ақшаға былтырғыдай күзге қарай емес, көктемде қол жеткізсек жақсы болар еді дейді. Өйткені былтыр қаражат кеш бөлініп, шаруалар егін саламыз деп белшесінен қарызға батқан. Кейбірі тіпті борышкерлер реестріне кіріп кеткен.
Қостанайлық шаруалар Ауыл шаруашылығы вице-министріне саладағы бүкіл проблеманы жіпке тізді. Көбінің көкейіндегі сұрақ – көктемгі егін жұмыстарына берілетін мемлекеттің ақшасы. Азат Сұлтанов осы жылы егін салуға рекордты 700 млрд теңге бөлінетінін айтқан. Диқандар бұл ақша уақытында қолға тимей қала ма деп уайымдайды.
АЛЕКСАНДР ПАВЛОВСКИЙ, ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
– Мемлекет ауыл шаруашығына 700 млрд теңге бөледі дейсіз. Бөлгені не керек, осы жерде отырғандардың көбі жеңілдетілген несиені ала алмаймыз. Өйткені бәріміз қарызға батып отырмыз. Берешегі барларға бұл несие берілмейді. Бұл ақшаны ертерек берсе, қарыз алмас едік.
АЗАТ СҰЛТАНОВ, АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:
– Дұрыс айтасыз, былтыр «Кең дала» бағдарламасы бойынша бөлінген ақша жылдың ортасында, егін жинайтын кезде түсті. Мемлекет басшысы форумда тапсырма беріп, сөйтіп, желтоқсанда 100 млрд теңгені тараттық. Бұл ақша ақпан айында түседі.
Лизингтік бағдарламаларға да шаруалардың сұрағы көп. Жетіқара ауданының фермері Динара Ағатаева қашаннан бері «Қазақстанда жасалған» бағдарламасы арқылы ақша ала алмай жүр. Шаруашылығы климат тәуекелі зор аймақта орналасқан деп жауапты органдар оны қаржыландырудан бас тартқан.
ДИНАРА АҒАТАЕВА, ШАРУА:
– Мені неге бөлектейсіздер? Мен де Қарабалық, Сарыкөл шаруалары секілді қаржылық мүмкіндіктерді пайдаланғым келеді. Қай жерім кем? Жетіқара ауданында тұратыным кедергі ме? Біз де дамып жатырмыз. Тәуекел аймағы дегенмен, жыл сайын гектарына 17-18 центнерден алып отырмыз.
Аймақтың оңтүстігіндегі шаруалардың мұңы бір. Жеңіл несие берілсе де, шарттарын әбден қиындатып жіберген. 100% кепіл мүліктен бөлек, қожалықтардан құрылтайшының жеке кепіл құжаты да сұралады екен.
ВЛАДИМИР ШЕСТЕРИКОВ, СЕРІКТЕСТІК БАСШЫСЫ
– Демек, іс жүзінде біз екі рет кепілмен қамтамасыз етуіміз керек. Кәсіпорынға қатысты түсінікті, кепіл мүліктің бағасын көрсетеміз. Ал екінші кепілді заңсыз деп санаймыз, оның не үшін керек екені мүлдем түсініксіз.
АЗАТ СҰЛТАНОВ, АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:
– Бұл сұрақпен министр жеке айналысып жатыр. Аграрлық несие корпорациясы бізге «Кең дала 2» бағдарламасының пысықталған жүйесін таныстыруы керек. Құрылтайшылардың жеке кепіл құжаты керек пе деген сұрақ қарастырылады.
Тағы бір мәселе – мемлекеттің шаруалар алдындағы субсидия берешегі. Ел бойынша бұл қарыз 500 млрд теңгеден асады. Шамамен 52 млрд теңгесі Қостанай облысына тиесілі. Ауыл шаруашылығы вице-министрі бұл ақша қарыз болып қордаланбай, бюджет есебінен қайтарылады деді. Қашан екені тағы айтылмады.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.