Жұмысшы мамандықтарға сұраныс жоғары

Владислав Малышкин бала кезден құрылысқа жақын. Сондықтан болашағын осы саламен байланыстырмақ. Екінші курс студенті қазір кірпіш қалаудың қыр-сырын меңгеріп жатыр.

ВЛАДИСЛАВ МАЛЫШКИН, КОЛЛЕДЖ СТУДЕНТІ:
– Құрылысшы болуды кішкентай кезімнен армандадым. Сондықтан еш ойланбастан осы колледжге оқуға түстім. Оған өкінбеймін. Мында біз сияқты жастарға сапалы білім алуға толыққанды жағдай жасалған.

Өңірде бүгінде 24 колледж бар. Оның жартысынан астамы жұмысшы мамандықтарын даярлайды. Еңбек нарығында жастардың бәсекеге қабілетті болуы үшін оларда дуалды оқыту жүйесі енгізілген. Яғни студенттер алған білімдерін, өндірістік тәжірбиеде ұштастырады. Оның үстіне соңғы кездері автоэлектрик, құрылысшы, дәнекерлеуші болғысы келетін жандардың қатары артқан.

ЕРКІН ЖАҚЫПОВ, КОЛЛЕДЖ ДИРЕКТОРЫ:
– Бұрын ауыл шаруашылығы мамандықтарына талапкерлер аз келетін. Қазір келуі көп. Конкурс көбейіп жатыр. Автокөлік жөндеу, автоэлектрика деген мамандықтар көбейіп жатыр. Неге десеңіз әр отбасында 2-3 машина бар. Оны жөндейтін адам керек…

Өңірдегі өндіріс ошақтарында да кадр тапшылығы байқалады. Сондықтан кейбірі мамандарды өздері де оқытып алуға дайын.

АЛМАС НҰРМАҒАМБЕТОВ, ЗАУЫТТЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:
– Бізге инженер, дәнекерлеуші, токарь секілді мамандар қажет. Себебі зауытқа жақсы тапсырыстар түсіп жатыр. Келісімшарттың алды жасалды. Сондықтан біз жастарды қуана қарсы аламыз. Қажет болса, өзіміз даярдап алуға дайынбыз.

«Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында өңірде қосымша 105 грант бөлінді. Қазірдің өзінде колледждер кадр даярлау үшін 300-ден астам кәсіпорынмен ынтымақтастық орнатып, мыңнан астам келісімшарт жасап үлгерді.
———————————————