Автобанда жылдамдықты асырғандар жазаға тартылады

Қыста және ауа райы нашар кезде жүргізушілер жүйткіп жүрмесін! Олжас Бектенов осындай тапсырма берді. Енді автобанда асығып жүретіндер жазаға тартылады. Премьер-министр жол-көлік оқиғаларын азайту мақсатында цифрлық шешімдерді қолдана отырып, нақты алгоритмдер енгізуді тапсырды. Өйткені соңғы кезде жол апаты жиіледі. Осы ретте Үкімет басшысы қаңтар айының басында Астана – Щучинск бағытында болған ірі жол апатын еске салды. Осындай оқиғаның Астана – Қарағанды тасжолында да қайталанғаны ел есінде. Премьер-министрдің пікірінше, осындай апаттардың алдын алуға бағытталған қолданыстағы әдістер тиімсіз.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
— Қыс айларында және қолайсыз ауа райы кезінде ең жоғары жылдамдықты төмендету бойынша озық тәжірибені пайдалану керек. Қолайсыз ауа райында алыс жолға шығуға болмайтыны туралы халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет. Цифрлық шешімдерді қолдана отырып, жүргізушілерді жолдағы ахуал туралы уақытылы ескертіп отыру керек. Қауіпті учаскелер алдында электронды таблолар мен уақытша белгілер орнатылуға тиіс.
———————————————