WhatsApp арқылы сөйлесіп, екі миллион теңгесінен айырылды

Қазақстандық WhatsApp арқылы сөйлескен соң, екі миллион теңгесінен қағылды. Әңгіме электр есептеуіш құрылғысын ауыстыру туралы өрбіген. Алақтар ақтөбелік зейнеткердің аңқаулығын пайдаланып, жылу мекемесі және банк қызметкері болып хабарласқан. Енді мұндай қитұрқы әрекеттерді «Антифрод» тұғырнамасы әшкерелейді. Бағдарлама іске қосылғалы 19 мың әрекет анықталып, алаяққа аударылғалы тұрған 1,5 млрд теңге дер кезінде тоқтатылған.
Алаяқтардың айласы сан алуан. Ең бастысы, адамның аңғалдығын пайдаланады. Мысалы, құқық қорғау саласы қызметкерлерінің атын жамылып, сізге қазақстандық нөмірден хабарласады. Барынша мәдениетті, сыпайы сөйлеседі. Арам айласы үшін сеніміңізге кіреді. «Бұл алаяқ болуы мүмкін» деген күдік бірден тумайды. Сіз сеніп, SMS-кодты жібересіз. Алайда алаяқтарға алданғаныңызды тек кейін білесіз.
БАТЫРЖАН ШАҚМАНОВ, КИБЕРҚАУІПСІЗДІК МАМАНЫ:
— Интернет транзакцияларға бөлек карта ашып қою керек. Картаға ақшаны аз-аздан салған жөн. Көбі айлық түсетін картасын тіркеп қояды. Ол мәліметтер интернетте жүргеннен кейін ақшасынан айырылып қалуы мүмкін. Картаның артындағы 3 санды ешкімге айтпау керек.
Иә, заман ағымынан қалмай айлакерлер де алдау тәсілдерін түрлендіріп жатыр. Міне, соның тағы біреуі. Сізге белгісіз біреуден сыйлық келеді. Келесі күні тауарды алғанын растайтын SMS-кодты жіберуіңізді сұрайды. Сөйтіп, атыңызға несие рәсімдеудің амалын жасайды. Алаяқтардың арбауына түспеу үшін SMS-код және құпия санды ешкімге жібермеңіз. Өйткені әккі алаяқтар сілтемелер мен SMS-кодтар арқылы жеке мәліметтеріңізге шабуыл жасауға тырысады.
БАТЫРЖАН ШАҚМАНОВ, КИБЕРҚАУІПСІЗДІК МАМАНЫ:
— Кибералаяқтың түпкі мақсаты – сіздің картаңыздан ақша шешіп алу. Оған әртүрлі жолмен жетеді. Сілтеме жібереді немесе хабарласуы мүмкін. Әлеуметтік желідегі суретін ауыстырып политик, депутат болып көрініп жазуы мүмкін.
Жеке куәлік нөмірі арқылы онлайн несие рәсімдеп алғандар да жетерлік. Астана қаласының тұрғыны Уатхан Біләл екі рет алаяқтық әрекеттен зардап шеккенін айтады.
Жалпы қауіпсіздікті қаматасыз ету мақсатында кез келген тұрғын алты айға дейін несие рәсімдеуге шектеу қоя алады. Бұл Egov мобильді қосымшасы арқылы іске асады. Екінші деңгейлі банктер де қауіпсіздік мәселесін назарға алғандарын жеткізді. Банк өкілдерінің мәліметінше, клиенттердің деректерін қорғау үшін заманауи киберқауіпсіздік жүйелері, шифрлау технологиялары, көпсатылы аутентификация қолданылады.
Алаяқтыққа қарсы департамент:
«Банкте онлайн несие рәсімдеу кезінде клиенттің жеке басын растау үшін видео верификация процедурасы міндетті түрде жүргізіледі. Клиенттің сенімді нөміріне SMS-хабарлама жіберіліп, қосымша растау сұралады».
Алаяқтармен күрес күшейген. Елімізде былтыр ашылған Антифрод-орталығы жарты жыл ішінде тиімділігін көрсетті. Оған мына көрсеткіш дәлел. Былтыр 19 мың алаяқтық оқиға тіркеліп, 1,5 млрд теңге бұғатталды.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің бастамасымен былтырдан бастап алаяқтар рәсімдеген несиелер есептен шығарыла бастады. Қазақстандық кредиторлар азаматтарға заңсыз берілген несиелерді тоқтата тұруға міндеттелді.
ИНАРА БАРСАҚБАЕВА, ТІЛШІ:
— Бір қызығы, алаяқтарға алданбау тақырыбы турасында материалымды әзірлеу барысында әріптестерім де алаяқтық әрекетке тап болды. Айлакерлер бір әріптесімнің WhatsApp-нөмірін бұзып, таныстарына атынан қарызға ақша сұраған. Бірақ жедел әрекет етіліп, алаяқтардың әрекеті жүзеге аспады. Сондықтан таныс-тамырыңыз WhatsApp арқылы ақша сұраса, телефонына хабарласып, көз жеткізіп алыңыз.
———————————————