Түнде тыныштықты бұзған көршілерге қандай жаза бар?

Ұйықтап жатқан адамның мазасын алатын көрші көбейді. Түннің бір уағында баласы ойнап,тіршілігі қызатын тұрғындарға тиісті жаза бар. Бірақ қоңсы отырған көршінің үстінен полицияға шағымдануды ар санап, қиянатқа қимаймыз. Алайда заңға бағынып, тәртіп сақтауды талап ету – тәртіпсіздікке жатпайды. Ендеше ортақ ережені елемейтін өзімшіл көршімен күресудің жолы қайсы?
Астана қаласының тұрғыны Азат Сайлаубаев та шулы көршілерден зардап шеккен. Оның айтуынша, көршілері күн мен түнді шатастырып алған секілді. Түн ортасында күресіп, тыныштығын бұзған.
АЗАТ САЙЛАУБАЕВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Бұл түнде болды. Қателеспесем түнгі үшке дейін созылды. Сол кезде үйімде туыстарым бар еді. Көршілер күресіп, алысып бізге ұйқы бермеді.

Азат Сайлаубаев WhatsApp қосымшасындағы көршілер чатына ескерту жазумен шектелген. Алайда ұйқысы қашып, әбден мезі болған басқа тұрғындар полиция шақырған. Біздің кейіпкеріміз де кейде ереже бұзатынын мойындады.
АЗАТ САЙЛАУБАЕВ – ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
— Біз сыныптасымызды туған күнімен құттықтауға бардық. Сөйтіп, көп шулап, ұзақ отырып қалдық. Сол кезде пәтерге учаскелік полиция инспекторы келді. Бізге айыппұл салып, тыныштықты сақтауды ескертті.
Тұрғын үйлерде жұмыс күндері түнгі 22:00-ден таңғы 9-ға дейін, ал демалыс пен мереке күнері 23:00-ден таңғы 10-ға дейін тыныштықты бұзуға тыйым салынған. Тәртіп бұзылған жағдайда 20 мың теңге шамасында айыппұл салынады.
АРСЕН СЕРЛІКБАЕВ, УЧАСКЕЛІК ИНСПЕКТОР:
— Кейде көпбалалы ата-аналар тұрады. Балалар түнде ұйықтамайды, шулайды. Балалары ауырады, жылайды. Мұндай жағдайда профилактикалық сұхбат жүргіземіз.
Заңға сәйкес пәтерлерде күндіз шу деңгейі 55 децибел болса, түн мезгілінде 45-тен аспауға тиіс. Ал оны өлшейтін арнайы қосымшаны интернеттен жүктеп алуға болады.
НҰРГҮЛ МӘЛІК, ЗАҢГЕР:
— Осы көрсеткіштен асатынның барлығы – заңбұзушылық. Бұл ретте шудың қайдан шығып жатқаны маңызды емес. Біреу аспап тартып жатыр ма, музыка қосып жатыр ма әлде айқайласып жатыр ма? Бәрі бір шу болып саналады.
Іргелес отырған соң, артық айқай-шуды есептеп, санаспай тату болғанға не жетсін?! «Көрші ақысы – тәңір қақысы» деген бар. Алайда заңның аты заң. Тәртіпке бағынған құл болмайды.
———————————————