Механик әйел: Нұржамал Омарова көлік жөндеуді кәсібіне айналдырған

«Еңкейгеннің еңсесін еңбек көтереді». Бұл – бес баланың анасы, алпысты алқымдаған Нұржамал Омарованың өмірден түйген тәмсілі. Шиеліде ширек ғасырдан бері техникалық қызмет көрсету орталығында тер төккен жұбайы науқастанып қалғасын отанасы ісмерлік істі ысырып қойып, ерлерге тән еңбекті еңсеруге кіріседі. Көлік дөңгелегін желімдеу мен ауыстыруда ептілігімен елге жаққан Нұржамал Омарова бүгінде бейнеттен береке тауып отыр.
Нұржамал Омарованың күнделікті жұмысы осы. Дөңгелегі жарылған жанға жәрдем жасайды. Елең-алаң кезеңде ауданда алғашқылардың бірі болып техникалық қызмет көрсету орталығын ашқан. Бұл жолдасы Сабырхан Ахановтың бастамасы еді. Іс ілгері басып, шаруа шалқыған тұста өмір арнасы күрт өзгерді.
НҰРЖАМАЛ ОМАРОВА, ТЖО МАМАНЫ:
— 2012 жылы жолдасым ауырып қалды. Бұл істі жалғастыру керек болды. Балалар кішкентай. Сөйтіп, өзім кірісіп кеттім ғой. Көріп жүрген бөлек, істеген бөлек. Бастапқы кезде біраз қиналдым, кейін үйреніп кеттім. Қазір бәрі оңай, кез келген түрін істей беремін.
Содан бері сол шаруадан ши шыққан емес. Ақ жаулықты ана ерге бергісіз еңбек етіп келеді. Таңсәріден басталған екпінді жұмыс қас қарайғанша жалғасады. Қыстың көзі қырауда жалаң қолмен суық темірді ұстаудың өзі мұң. Десе де зілдей көлік дөңгелегін көтеріп, жамап-жасқау және оны ауыстыру Нұржамал Омаровға бұйым емес.
Құрыш қолды әйелге қазір ұлы қолғабыс етеді. Одан бөлек шебер білгенін қыздарына да үйретіп, кәсіпке баулып өсірген.
НҰРЖАМАЛ ОМАРОВА, ТЖО МАМАНЫ:
— Қыздарым да әкесінің қасында жүріп үйренген ғой. Екеуі істеді. Кейін қыздарымды газетке шықты. Қазір студент, оқуға барады. Арасында келіп, папасына көмектеседі. Сөйтіп, оқуының ақшасын табады.
Қарекет түбі – берекет. Кәсіпке адал болсаң, ырзық-несібең ұлғаяды. Нұржамал Омарова осы орталықтың арқасында тірлігін келісті, ұл-қызын өрісті етті. Шебер әрбір ісіне ұқыппен қарайды. Содан болар оны жан-жақтан іздеп келетін тұрғындар қызметінен кінәрат таппайтынын айтады.
ҚОНАҚБАЙ АЮПОВ, АУДАН ТҰРҒЫНЫ:
— Нұржамал апайымызды 30 жылдай танимын. Тұрақты тұтынушысымын. Қай уақытта болса да, көлігімді жөндеп береді. Әйтеуір ойдағыдай болады. Ең бастысы, балансировка жасағаны ұнайды. Талай жерге қойдырдым. Осы кісіге келіп қайтадан қойдырамыз ғой. Осы кісінікі тамаша шығады.
Кейіпкеріміз: «Кейінгі буын қара жұмыстан қашпаса», — дейді. Өйткені еңбең еткенге бақыт басын иеді. Қолды қара майға малып-ақ, құрметті болуға болады. Оның айқын дәлелі – Нұржамал Омарова.
———————————————