Енді қыз алып қашқан адам 5 жылға сотталуы мүмкін

Көне дәстүрді заң күшімен жою көзделіп отыр. Енді қыз алып қашқан адам бес жылға сотталуы мүмкін. Мәжіліс депутаттары осындай ұсыныс айтты. Ол үшін Қылмыстық кодекске неке қию мақсатында адамды ұрлауға қатысты жаңа бап енгізу қажет. Оның ішінде қоғамдық жұмысқа тарту және 8 млн теңгеге дейін айыппұл салу қарастырылмақ. Егер кәмелетке толмаған қызды некелесуге мәжбүрлесе, 5 жылға дейін соттау, ал денсаулығына зиян келсе, 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделіп отыр. Жалпы, соңғы үш жылда қыз алып қашу бойынша 200-ден астам қылмыстық іс қозғалған. Соның оны ғана сотқа жеткен. Депутаттар жазаны қатаңдату тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға ықпал ететінін айтады.

МҰРАТ ӘБЕНОВ, МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ:
— 26 жасар қызды үйленемін деп шақырып алып, қылмыс жасаған. Мұндай жағдай Астанада да болды. Қызды мәжбүрлеп күштеп алып кету оқиғасы Маңғыстауда орын алды. Қызды 3 ер адам автокөлікке мінгізіп алып, жолда қорқытып, ол қыз автокөліктен секіріп түсуге мәжбүр болды.
———————————————