Мектептегі ас мәзірі өзгеріп, ыстық тамақ қымбаттады

Ас мәзірін өзгертіп, оқушылар жеміс, салат жей бастап еді, мектептегі ыстық тамақ ақысы бірден 15% көтерілді. Азық-түлікпен қамтамасыз ететін кәсіпкерлер бағаны бұрынғы қалпында ұстап тұруға дәрмен жоқ деп шағымданады. Өйткені уақыт өткен сайын инфляция үдеп, азық-түлік те шарықтап барады. Сондықтан жауаптылар амалсыздан осындай қадамға барып отыр.

Оқушылардың жаңа стандарт бойынша тамақтанып жүргеніне бір айдан асты. Бала сіңімді ас ішу керек деп Денсаулық сақтау министрлігі биыл ас мәзіріне қатысты талапты өзгертті. Яғни тұз бен қантты азайтып, құрамына «С» дәрумені қосылды. Ал сары майдың майлылығы 72% аспауға тиіс. Осы ереженің барлығы ескеріліп, өңірлерде ас мәзірі жасалды. Қостанай облысында тізімге жеміс пен салат қосылып, балалар жақсы көретін макарон, ботқа, палау, картоп пюросы, котлет сынды ас түрі қалды.

МАНСҰР АҚБАСОВ, ОҚУШЫ:
— Дүйсенбі күні берілетін ас өзіме қатты ұнайды. Өйткені онда мен жақсы көретін сұлы ботқасы бар.

ДАНЕЛЬ РАСПАЕВА, ОҚУШЫ:
— Ал маған палау ұнайды. Себебі ол менің сүйікті тағамым.

Ас мәзірі өзгергені сол еді, ыстық тамақ ақысы қымбаттады. Жауаптылар мұны инфляция үдеп, азық-түлік бағасының өсуімен байланыстырып отыр. Бастауыш сынып оқушысының тамақтануы бұдан былай 645 теңгені құрайды. Бұрын 500 теңгеге жуықтайтын. Ал жоғары сынып оқушылары 745 теңге төлеуге тиіс. Айта кету керек, бүгінде Қостанай облысында оқушының 40% мемлекет есебінен тегін тамақтанады.

АННА ЛАЗАРЕВА, ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
— Биыл бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 4,9 миллиард теңге қаржы бөлінді. Бұл ақшаға облыс бойынша 44 750 бала ыстық аспен қамтылды.
Бағадағы ауытқушылық ауыл-аймақтағы мектепке де әсер етті. Қазір қала мен елді мекендегі мектеп асханасының ас ақысы теңесті. Тасымалы тағы бар.

ЛАРИСА ХОМЕНКО, КӘСІПКЕР:
— Жаңа жылдан бастап баға өсті. Алма, картоп секілді көкөністің құны шарықтады. Картоптың бір келісі қазір 260 теңге. Ал сиыр еті 3600 теңге болды. Сондықтан біз кейде оны тауық етімен алмастыруға мәжбүрміз.
Иә, алмастыруға болады. Тек ол үшін білім беру мекемесі жанынан құрылған қамқоршылық кеңес мүшелерінің рұқсаты керек. Жалпы айта кету керек, аймақтағы мектептерде ыстық тамақ құны орта есеппен 15% қымбаттады.
———————————————