Павлодарда бір уыс кітап көрмесі өтіп жатыр. Яғни 150-ге жуық алақандай туынды қалың оқырманның назарына ұсынылды. Шараны Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы орталық кітапхана ұжымы ұйымдастырды. Ескі кітапты оқып, XIX ғасырға саяхат жасағысы келген оқырман үлкейткіш көзілдірігін ала барды.
Павлодарда кішкентай кітапқа сұраныс артқан. Талғамы жоғары, талабы биік оқырман бұл туындыларды іздеп жүріп оқиды. Бірақ мұндай басылым қолға берілмейді. Кітапханада ғана отырып оқу керек.
Сәуле Жанқаринова, С. Торайғыров атындағы орталық кітапхана әдіскері:
— Осындай шара ұйымдастырғанда шағын кітаптар оқырман арасында үлкен қызығушылық тудырады. Көбіне жастар мен балаларға қызықты. Мұқабасына қарап, таңғалып жатады. Дегенмен құндылығы жағынан кәдімгі оқулықтан еш айырмашылығы жоқ.
Көрмеге алақандай кітаптың 150-ден астам түрі қойылды. Дені XIX ғасырда жарық көрген. Бұл туындылар адамның уысына сыйып кетеді. Мамандардың айтуынша, мұндай кітаптардың ұзындығы мен ені 76 миллиметрден аспайды. Халықаралық талап осындай.
Мая Исақаева, С. Торайғыров атындағы орталық кітапхананың сектор меңгерушісі:
— Бұл кітаптардың кейбіреуін ақын-жазушылардың өздері сыйға тартқан. Енді бірін өзіміз жинадық, сатып алдық дегендей. Ең кішкентай кітап – Омар Хаямның кітабы. Облыстық кітапхананың сирек кітап қоры 400 мыңға жуықтайды.
Көлемі шағын болғанымен, мазмұны терең кітаптар ертеректе азғана тиражбен шығарылып, ел арасында кәдесый ретінде жүрген. Қазір кітапхананың миниатюрлық басылымдар қорында Жұбан Молдағалиевтің поэмалары, Мұқтар Әуезовтың «Абай жолы» романынан үзінділер және басқа да ақын-жазушылардың еңбектері бар. Жуырда коллекция жаңа туындымен толықты. Омбылық әріптестері Пушкиннің әдебиеттер каталогын сыйға тартты.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.