Екінші АЭС Ақтауда немесе Курчатовта салынуы мүмкін

Қазақстан әсіресе кешкі уақытта жетпейтін электр энергиясын көршілес Ресей мен аз көлемін Өзбекстаннан алып отыр. Энергетика министрі: «Биыл сырттан тағы 2,5 млрд киловатт сағат сатып алуға мәжбүрміз», — дейді. Көршілердің электр энергиясынан қашанғы тәуелді болып отырамыз?
Соңғы жеті жылда біздің көршілерден сатып алатын электр энергиясының көлемі үш есе көбейген. Энергия тапшылығы барған сайын артып келе жатыр. Энергетика министрі осы жылғы жоспарлы импорт 2,6 млрд киловатт сағат болады дейді. Ал электр энергиясын өндіретін нысандар істен шыға қалса, көршілерден тағы да 1,9 млрд киловатт сағат сұратуымыз мүмкін. «Бұл мәжбүрлі амал, жарық көзін алатын басқа жер жоқ», — дейді Алмасадам Сәтқалиев. Министрдің сөзінше, дефицит 2035 жылға қарай жойылады. Он жылда елде жалпы қуаты 26 гигаватт электр энергиясын өндіретін ТЭЦ, су электр стансалары салынуы керек. Тапшылықтың бір бөлігін АЭС жабады деген жоспар бар.
Алмасадам Сәтқалиев, Энергетика министрі:
— АЭС-ті салатын компания әлі таңдалған жоқ. Басты критерий – қауіпсіздік. Қазақстандағы АЭС әлемдегі ең қауіпсіз әрі заманауи болады.
Алғашқы АЭС-тің құрылысымен айналысатын компания анықталғанша, министрлер кабинеті мен депутаттар басқа екі стансаның орналасатын жерін белгілеуі керек.
Еділ Жаңбыршин, Мәжіліс депутаты:
— Әзірге айтылған жоқ. Кезінде үш жер болды: Ақтау, Курчатов, Үлкен. Қазір Үлкенді таңдады. Қалған екі жерді енді қайтадан қарайтын шығар.
Еліміз өзін-өзі электр энергиясымен толық қамтып қана қоймай, 15-20% шамасында резерв қалыптастыруға тиіс екенін Президент айтқан болатын. Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы екі жылда кемінде 3 гигаваттық жаңа қуат көздерін іске қосуды міндеттеп, бірінші атом электр стансасының құрылысын тездетуді тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:
— Үкіметке «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, атом саласын дамытудың ұзақ мерзімге арналған жоспарын әзірлеуді тапсырдым. Нақты нәтиже керек. Жан-жақты талдау жүргізіп, атом электр стансаларын салуға барынша қолайлы жерлерді, сондай-ақ заманауи және қауіпсіз технологияларды анықтау қажет. Үкімет пен Парламент екінші ядролық стансаны қай аймақта салу қажет екені жөнінде маған ұсыныс беруі керек.
Энергетика министрі өзіміздің энергия өндіретін ошақтар көбейіп, қағаздағы жоспар орындалғанша, жарық көзін барынша үнемдеуді ұсынды.
———————————————