Қайта соққан жүрек. Алматыда екінші рет жүрек алмастыру операциясы сәтті аяқталды. Дәм-тұзы таусылған 45 жастағы азаматтың ағзалары төрт сырқатты ажалдан арашалап қалуға мүмкіндік берді. «Бұл – мәйіттік донор мәселесінің біртіндеп жолға қойылып келе жатқанының көрінісі», — дейді дәрігерлер. Кеудесінде өзге жанның жүрегі соққан азаматтың жағдайы қалай?
Дәурен Атабековтың жүрегі қатты ауырып, бірнеше жыл қиналған. Денсаулығының нашарлауына энергетикалық сусынды жиі тұтынуы да әсер еткен. Сондықтан дәрігерлер тек жүрек алмастыру керек деген байламға келіпті.
Дәурен Атабеков, емделуші:
— Қазір өзімді жақсы сезінемін. Бұрынғыдай емес. Денсаулығым жақсарып келеді. Донор мен дәрігерлер маған жаңа өмір сыйлады. Алғыстан басқа айтарым жоқ.
Дәурен Атабеков дәрігерлер салып берген жүрекке бой үйрете бастағанын айтады. Дәм-тұзы таусылған 45 жастағы азаматтың сау жүрегі оған жаңа өмір сыйлап отыр. Марқұмның етжақындары рұқсат бергеннен кейін, мәйіттік донордың ағзасы төрт сырқаттың өмірін сақтауға септігін тигізіпті.
Рүстем Төлеутаев, кардиохирургия бөлімінің меңгерушісі:
— Донор туралы сигнал жексенбі күні келді. Оны тексеріп, бақылап, пациенті шақырдық. Сәйкестігін тағы бір тексеріп, ота өткізілді. Жүрек ұзақ қызмет етуі үшін науқастың өмір салты өзгеруі керек және біз қосымша дәрілер береміз.
Ағза алмастыру операциясы тағы бес адамға жасалды. Оларға көз қарашығы, бүйрек, бауыр салынған.
Маржан Атамбекова, науқастың әпкесі:
— Қазақстанда донорлық қызмет әлсіз, өйткені көбіміз сенбейміз. Туысқандарымыз қайтыс болғанда, «сатылады, бизнеске айналады» деп ағзасын бергіміз келмейді. Сондықтан ашық информация болса деймін. Халық білсін. Бұның барлығы тегін жасалады. Сатылмайды. Ешкім ақша төлеген жоқ.
Айта кетейік, донорлық жүрек операциясы Алматыда екінші рет жасалды. Алғашқысы осыдан бір жарым жыл бұрын болған. Жалпы елде 140 адам жүрек трансплантациясына мұқтаж.
Инара Барсақбаева, тілші:
— Қазақстанда ағза сатуға тыйым салынған. Ал бұл заңды елемегендер қылмыстық жауапқа тартылады. Тек қазір мәйіттік донор болу мәселесі өзекті болып тұр. Яғни адам көзі тірісінде келісім берсе немесе қайтыс болған жағдайда туыс-туғандарының рұқсатымен ғана жүзеге асырылады.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.