Қытайда шығыс күнтізбесі бойынша Жаңа жыл басталды. Енді аспан асты елі «отыз ойын, қырық күн тойын» тойлайды. Қысқасы, екі апта демалады. Сонда бұл елмен алыс-беріс қалай болмақ? Әлемнің екінші экономикасы саналатын алыппен қазақ кәсіпкерлері де тығыз байланыста.
IV ғасыр бұрын пайда болған мереке ай күнтізбесіне сәйкес тойланады. Бұл көктем мерекесінің басы жыл сайын өзгеріп отырады. Әдетте, 21 қаңтар мен 21 ақпан аралығы. Шығыс күнтізбесіндегі жаңа жыл корей ұлтында да бар. Кореяда ол «соллаль» деп аталады.
Мадина Темірхан, Корей бірлестігінің баспасөз қызметкері:
— Соллаль – корея халқының ай күнтізбесі бойынша жаңа жылы. Сол күні біз отбасымен жиналып, үлкендерге тағзым жасап, батасын аламыз. Біздің ассоциация оны жыл сайын тойлайды. Соллаль – отбасылық бірлік, жаңа бастамалардың мерекесі.
Биыл аспан асты елінің жаңа жылы 29 қаңтар басталды. Қытайлықтар мерекені екі апта тойлайды. Осы аралықта халық түгел демалады. Ендеше, әлемнің екінші экономикасы саналатын елдегі бұл кідіріс өзге мемлекеттерге кесірін тигізбей ме? Біздің де алыс-беріміз аз емес. Әділ Кәукенов, қытайтанушы:
— Кез келген кәсіпкер, мейлі қазақ не француз болсын бұл үзілісті ескереді. Сондықтан ол мереке басталмай тұрып тауарға алдын ала көп мөлшерде тапсырыс береді. Бұл – бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан жүйе. Ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан дәстүр ғой. Сондықтан әлем экономикасына кері әсер етеді деп айта алмаймын.
Айтпақшы, осы мерекеге байланысты Қазақстан мен Қытай шекарасындағы барлық автокөлік өткізу пунктісі 4 ақпанға дейін жұмыс істемейді.
Гүлжан Қалменова, Кіріс комитетінің ресми өкілі:
— Қазақстан – Қытай шекарасындағы теміржол өткізу пунктілері және ұшақтар штаттық режимде жұмысын жалғастырады. Тасымалдаушылардан және барлық шекараны кесіп өтуге ниет білдірушіні енгізілген шектеулерді ескере отырып өз бағыттарын алдын ала жоспарлауды сұраймыз.
Мағжан Үйсінбай, тілші:
— Қытайлықтар бұл мерекені «Чуньцзе» деп атайды. Қазақ бұл мейрамды «шаған» деп атап кеткен. Шағанның Қытай шекарасынан асқаны қашан. Оны Шығыс Азия елдері үзбей тойлайды. Батыс та, тіпті Оңтүстік Америка елдері де бұл мерекені назардан тыс қалдырмайды.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.