Саусақтарынан айырылса да, салған суреті көпті таңғалдырмай қоймайды. Солтүстікқазақстандық Сергей Крохин – ерекше өнер иесі. Мүмкіндігі шектеулі жан болса да, ойынан шыққан туындылары көздің жауын алады. Азамат ерік-жігерімен өмірге деген құштарлығының арқасында мыңға жуық картина салып үлгерген.
Сергей Крохин – тағдыр тауқыметіне мойымаған жан. Қос қолында бірде-бір саусағы болмаса да, сурет салуын тоқтатқан емес. Қағаз бетіне қиялынан туған ойды айнытпай бейнелейді.
Сергей бұрын әскери қызметші болған. Осыдан оншақты жыл бұрын қақаған аязда далада қалып, аяқ-қолы үсіп кеткен. Бірақ кейіпкеріміз оған кейімей, мүмкіндікте шектеу жоқ екенін көрсетіп жүр.
Сергей Крохин, суретші:
— Бала кезімнен суретші болуды армандаған едім. Бірақ есейген соң, әскери салаға қалай келгенімді өзім түсінбей қалдым. КГБ-нің арнайы мектебінде оқыдым. Артынша құпия істер жөніндегі бөлімде қызмет еттім. Ал қазір шығармашылықпен айналысамын.
«Сурет салуды бертінде бастаса да, кәсіби мамандардан қалыспауға тырысамын», — дейді. «Жігітке жеті өнер аз» демекші, ақындығы да бар.
Бойына біткен дарынды қажырлы еңбегімен ұштастырған азамат бүгінде қарттар үйінде тұрады.
Марина Аникина, орталық директорының орынбасары:
— Сергей – өте шығырмашыл адам. 2016 жылдан бері осында тұрып жатыр. Орталықта аптасына бір рет кино көрсетіміз. Міне, соның афишасын әркез қолдан жасайды. Мереке алдында суреті мен өлеңдерін қағаз бетіне түсіріп, газет шығарады.
Осы күнге дейін суретші мыңға жуық картина дайындаған. Болашақта көрме ұйымдастырып, талай жылғы еңбегін ел алдына ұсынбақ ойы бар.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.