Жең ұшымен жалғасқан сауда. Қарағандыда көмір пара бергендерге ғана сатылып келген. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі сауда биржасындағы қитұрқылықты әшкереледі. Modern Trading Solutions биржасының басшылығы көмірді қитұрқы жолмен сатып, жылына 2 млрд теңге пайда тапқан. Ұйым басшылығы көмірді Шұбаркөл кен орнынан сыйақы бергендерге ғана сатқан. Талабына келіспегендерді нарыққа жібермей отырған. Салдарынан жылыту маусымы алдында шағым көбейіп, әлеуметтік шиеленіс туған. Қазір ұйымның үш басшысы қамауға алынды, біреуі іздестіріліп жатыр.
Бекжігіт Серікбай, ҚР ҚМА ресми өкілі:
— Modern Trading Solutions тауар биржасының басшылығы 23 брокерлік компанияны туыстары мен сенімді тұлғалардың атына тіркеп, өздерінің жұмысын көмір саудасына тек ұдайы ақшалай сыйақы беретін адамдарды жіберетіндей етіп ұйымдастырған. Кері жағдайда аккредитация мерзімін созып, келісімшартқа қол қоймау, саудаға қолжетімділігін шектеу және олардың нәтижелерін жою арқылы кәсіпкерлерге саудаға қатысуына жол бермеген.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.