1,5 мыңға жуық бала аналарының түрмеден шығуын күтіп отыр

Анасының айыбы үшін баласы кінәлі емес. Қазақстанда бір жарым мыңға жуық бала аналарының түрмеден шығуын күтіп отыр. 100-ге жуық сәби балалар үйіне жіберілген. Сотталған әйелдерге рақымшылық жасау мәселесін депутат Қарақат Әбден көтерген болатын. Бұл бастама қазір қоғамда қызу талқыланып жатыр. Сарапшылардың пікірі қандай? Амнистияға кімдер іліге алады?
Сотталған әйелдерге рақымшылық жасауды қоғам белсенділері бұрыннан көтеріп жүр. Мәжіліс депутаты Қарақат Әбден осы мәселеге қатысты Ішкі істер министріне депутаттық сауал жолдады. Оның мәліметінше, Қазақстанда қазір 2336 әйел жазасын өтеп жатыр.
Қарақат Әбден, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
— Олардың жартысы – аналар. Екі жүз елуі – көпбалалы аналар. Бір жарым мыңға жуық бала аналарымен қауышуды күтуде. 100-ге жуық сәби балалар үйінде тәрбиеленіп жатыр.
Бірақ рақымшылық сотталған әйелдердің бәріне бірдей жасалмауы керек. Депутат оларға да нақты тоқталды. Атап айтсақ, зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыс болмаса, яғни қоғам үшін қауіп төндірмейтін, жүкті және кішкентай баласы бар әйелдер, алғаш сотталған қыз-келіншектер мен жасы ұлғайған әйелдерге амнистия жасау мүмкіндігін қарастыру ұсынылды. Бұрын жазасын өтеп шыққан кісілер де бұл бастаманы қолдайды. Сондай келіншектің бірінің пікірін телефон арқылы жазып алдық.
«Түрмеде отырған әйелдердің үйінде кішкентай балалары бар. Оларға кім қарайды?! Иә, аналары қылмыс жасады, оны ешкім жоққа шығармайды. Жазасын да толыққанды өтеп жатыр. Бірақ жеңілдік қарастырылу керек деп ойлаймын. Өйткені балалары бар әйелдерге түрмеде өте қиын. Кішкентайлар аналарын сағынады. Оларға қарайтын адам керек. Бұл бастама әйелдердің дұрыс жолға түсуіне жағдай жасайды».
Осы бастамаға қатысты заңгерлердің де пікірін сұрадық. Олардың пайымынша, сотталған әйелдерге амнистия жасау мемлекет үшін де, бас бостандығынан айырылған қыз-келіншек үшін де өте өзекті.
Жанна Оразбахова, заңгер:
— Әйелдер қоғам үшін қауіпті емес. Олар қасақана аса ауыр қылмыс жасамайды. Түрмеде отырған әйелдер өздерінің балаларын, егде жасқа келіп қалған ата-аналарын бағуы керек. Оларды қоғамға бейімдеу жұмыстары қолға алынуы қажет. Яғни отбасыларын асырау үшін жұмыспен қамтамасыз ету керек.
Инара Барсақбаева, тілші:
— Көршілес елдерді алатын болсақ, мұнда әйелдерге рақымшылық жасау тәжірибесі бірнеше рет қолданылған. Мәселен, Қырғызстанда 1996 жылдан бері 3 рет амнистия жасалған. Сарапшылардың сөзінше, Өзбекстан мен Тәжікстан да бұл тәжірибе бар. Ал Қазақстанда бұл бастама әзірге тек депутаттық сауал ретінде жолданды.
———————————————