Осы жылдың басында 9 жастағы қыз баланың ішінен «жын шығарған» атыраулық емші әкімшілік жауапқа тартылады. Бас прокуроратура өкілі осылай мәлімдеді. Алайда емшінің нақты қанша айыппұл төлейтіні ашық айтылмай отыр.
Ғалымжан Қойгелдиев, Бас прокурордың орынбасары:
— Емшіні әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселесі әлі де қаралып жатыр. Өйткені оқушы қыздың ата-анасынан шағым түскен жоқ. Бұл іс бойынша тексеріс жүріп жатыр.
Бұған дейін әлеуметтік желіде емшінің қыз баладан жын шығарып жатқан бейнежазбасы тараған болатын. Өзін халық емшісі санайтын Кейқуат Оспанов баланың мойнын қысып, «жынмен» сөйлескендей болып отыр. Оның әрекетінен шошыған бала жылап жатыр. Ер адамның бұл әрекеті көптің назарын аударып, наразылығын тудырды. Алайда қыз баланың анасы емшіні жақтап, шаң жуытпады. Бұл дерек бойынша Алматыдағы Алатау аудандық полициясы тексеріс жүргізді.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.