Түркияда орман өрті дес берер емес. Тілсіз жау елдің оңтүстік және батыс өңірлерін шарпып, туристік аймақтарға жақындап қалды. Қазіргі уақытта қызыл жалын Бодрум, Мармарис, Манавгат қалаларына және Анталья әуежайына қауіп төндіріп тұр. Жаңа өрт ошақтары Ыстамбұлдың оңтүстігінде де тіркеліп жатыр. Ал ең күрделі жағдай Бурса аймағында. Мұнда жалын тұрғын үйлерге дейін жеткен. Соның салдарынан мыңдаған адам қауіпсіз жерге эвакуацияланды. Қолда бар мәлімет бойынша, төтенше жағдайдан 14 адам қаза тапқан. Олардың 11-і – орман қызметкері мен құтқарушы. Түркия билігі жағдай одан әрі ушығатын болса, туристерді эвакуациялау басталатынын мәлімдеді. Грекияда да осыған ұқсас жағдай. Бір тәулікте 44 орман өрті тіркелген. Ал Албанияда 900 маман тілсіз жаумен арпалысып жатыр. 13 адам қасақана от қойды деген күдікпен қамауға алынған.
Айта кетейік, Түркияда жыл басынан бері тіркелген ор ман өртінің 96 пайызы, яғни 4 247 дерек адамның кесірінен болған. Бұл туралы Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған 28 шілдеде Анкарада өткен Министрлер кабинетінің отырысынан кейінгі брифингте мәлімдеді.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.