Зейнетақы жинағындағы ақша неге азайды? Салымшының қаржысы қайда кетіп жатыр?

Зейнетақы қорындағы шотыңызды тексеріп тұрасыз ба? Қордағы артық ақшаны шығармақ болған салымшылар «тосынсыйға» тап болды. Шектік мөлшерден асатын қаражат бір ай бұрынғыдан азайып қалған. Бұған не себеп? Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры не дейді?
Дина Бөкенбаева зейнетақы қорындағы артық ақшасын «Отбасы банкіндегі» депозитке салуды жоспарлап жүрген. Желтоқсан айындағы жарнасы түскенін күтіп, шотын бір-ақ тексергенде жинақ сомасы бұрынғыдан әлдеқайда азайып қалғанын байқайды.
Дина Бөкенбаева, салымшы:
— Жинақтаушы шотымдағы сома әуелі 4 мың теңгеге, содан кейін тағы 22 мың теңгеге азайған. Аң-таң болдым. Зейнетақы қорына хабарласып едім: «Себебін айта алмаймыз, кеңсеге келіңіз», — деп жауап берді.
Зейнетақы жинағындағы сандардың өзгергенін аңғарған Дина ғана емес. Жасына сай ең төменгі жеткілікті шегінен асып тұрған ақшаның 70 мыңға, кейбірінде тіпті 100 мыңға кеміп қалғанын көрген жұрт оның себебін білмей дал. Мән-жайды түсіндіруді сұрап, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына хат жаздық. Сұрауымызды бес күн қараған қор өкілдері ақыр соңында бейнекамераға сөйлеуден бас тартып, жазбаша жауаппен құтылды.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры:
«Зейнетақы жинағындағы инвестициялық кіріс мөлшері құбылуы мүмкін. Соманың азаюына ішкі және сыртқы нарықтарда зейнетақы активтері инвестицияланған қаржы құралдарының нарықтық бағасының өзгеруі әсер етеді. Зейнетақы жинақтары – ұзақмерзімді инвестиция, сол себепті инвестициялық кірістің мөлшерін кем дегенде бір жыл ішінде талдаған жөн. Айлық, апталық қысқамерзімді деректер көрсеткіш бола алмайды, өйткені олар нарықтық жағдайдың тұрақты өзгеруіне тәуелді».
Қор өкілдерінің айтуынша, өткен жылы инвестициялық кіріс айтарлықтай өскен, бірақ қаңтар айында қаржы құралдарын нарықтық қайта бағалау нәтижесінде ол біршама төмендеді. Сондықтан мамандар біржолғы зейнетақы төлемін қолданған кезде қолжетімді сомадан сәл аз көрсетуді кеңес етеді. Айтпақшы, салымшылардың былтырғы инвестициялық кірісі зейнетақы жарналарының көлемінен асып түсіп, 3,4 трлн теңгеге жетіпті. Қазір қорда 22,8 трлн теңге жатыр. Өткен жылы ел тұрғындары үй алуға және тіс емдетуге зейнетақы қорынан 610 млрд теңге шығарып алған.
———————————————