Шымкенттіктер темір тұлпарына VIP нөмір сатып алудан көш бастап тұр. Олар елден ерек болу үшін бір жылда 1 миллиардтан астам ақша жұмсаған. Қазір ерекше нөмір бағасы 200 мың теңгеден бастап, 1 миллионнан асады. Жыл сайын бағаның қымбаттағанына қарамастан, сұраныс жоғары.
Мақсат Смаилов жаңа көлік сатып алып, оған нөмір рәсімдегенде тек көзге әдемі болып көрінуін ғана емес, мағынасына да мән беріпті. Ол қымбат көлікте әдемі нөмір болғаны дұрыс деп есептейді. Тіпті өзінің жаңа VIP-нөмеріне аймақтық 07 сериясын алу үшін Шымкенттегі тұрақты мекенжайын Батыс Қазақстан облысына өзгерткен.
Мақсат Смаилов, қала тұрғыны:
— Көлігіме нөмір алғанда жөнді нөмір түспеді. Бұл нөмірді алған себебім 077 – киелі сан. Солай VIP-нөмір алдым.
Нөмірлер арасында 077, 707, 777 деген комбинацияларға сұраныс жоғары. Одан кейін 010-нан 090-ға дейінгі сандарға қызығушылық көп. VIP нөмірді қымбат көлік айдайтындар ғана емес, қарапайым көлік тізгіндейтіндер де тағуға әуес.
Нұрхан Байсейітов, №1 мамандандырылған ХҚКО бөлім басшысының орынбасары:
— Өңірлік код 17 болғандықтан 7-ге ұқсас сандарға қатты қызығады. Сұраныс өте жоғары, бағасына қарап жатқан жоқ. Көбіне аты-жөнін, инициалын, фирмасын жазып қояды.
Мамандандырылған орталықтар жылына шамамен 4-5 мыңдай VIP-нөмір сатады. Тек бір жылдың ішінде шымкенттіктер қымбат нөмір алуға 1 млрд астам қаржы жұмсаған. Айлық есептік көрсеткіш өскеннен кейін ерекше нөмір бағасы да қымбаттап отыр. Олардың құны 224 мың теңгеден басталып, 1 миллионнан асады.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.