Қазақстан экономикасына алдағы бірнеше жылда шамамен 3 миллион маман қажет болуы мүмкін. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің болжамы осындай. Қызмет көрсету саласы көш бастап тұр. Қажет кадрлардың үштен бірі осы салаға керек. Одан кейін тізімді тасымалдау мен тауарлар логистикасы, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және құрылыс салалары жалғайды. Вице-министр Асқар Биахметовтың айтуынша, елде жұмыссыздық деңгейі төмен – 4,6%. Алайда еңбек ресурстарының бөлінісі біркелкі емес. Оңтүстікте – жұмыс іздегендер көп, солтүстікте – еңбек күші жетіспейді. Ал Алматы мен Астана қалаларында ішкі көші-қон тым жоғары. Бұл жағдай әлеуметтік, тұрғын үй және көлік инфрақұрылымына үлкен салмақ салып отыр.
АСҚАР БИАХМЕТОВ, ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:
— Халықтың саны өсіп келеді. Нәтижесінде, жастардың еңбек нарығына келуі жыл сайын артуда. Болжам бойынша 2035 жылға дейін жылына 360 мың адамға дейін өседі. Бұл еңбек нарығына қосымша салмақ түсіреді. Біздің алдымызда 2029 жылға дейін 3,3 миллион азаматты жұмысқа орналастыру міндеті тұр. Жыл басынан бері 250 мыңнан астам адам жұмысқа орналасты, оның ішінде 38%-ы – жастар.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.