Ақтауда фитнес тренерді көшеде кетіп бара жатқан жерінен ұрлап әкетіп, зорлап, ақша бопсалаған бес жігітке аппеляциялық сот үкім шығарды. Қылмысқа қатысы бар негізгі айыпты өмір бойына бас бостандығынан айырылды.
Облыстық сот ғимаратына жиналған жұрттың қарасы қалың. Олар былтыр мамыр айында Алина Серікованы ұрлап әкетіп, зорлап, есірткі қолдануға мәжбүрлеген бес жігітке берілетін жазаның әділ болуын тілеп келді. Аппеляциялық сот бірінші сатыдағы үкімінің күшін жойып, жаңа жаза кесті.
Нұрсапа Пірімашев, Сот алқасының төрағасы:
— Маңғыстау облыстық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2024 жылы 19 желтоқсандағы Сейітқалиев Нұргелді Мұратұлына, Аманқос Еркебұлан Талғатұлына, Аралбай Мерей Асанұлына, Үсенғалиев Жалғас Қуанышұлына, Құлбас Дархан Төлегенұлына қатысты үкімінің күші жойылсын. Іс бойынша жаңа айыптау үкімі шығарылсын. Жазаларды толық қосу жолымен Сейітқалиевтіің түпкілікті өтеуіне өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын.
Қалған төрт күдіктіге 13-тен 16 жыл аралығында үкім кесілді. Жалпы оларға «зорлау», «қорқыту», «өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» және «адам ұрлау», «бас бостандығынан заңсыз айыру» баптары бойынша айып тағылды. Сондай-ақ 19 миллион 600 мың теңге материалдық шығын және 30 миллион теңге моральдық шығын өндіру міндеттелді.
Марқұм Алина Серікованың туыстары әділ жаза тағайындалғанына разы болып, көздеріне жас алды.
Бауыржан Жолжан, марқұмның інісі:
— Ең бастысы, осы жүрген жүрісіміз бен жасаған ісіміздің барлығы ақталды деп ойлаймын. Мұның барлығымен апамызды алып келе алмаймыз. Бірақ сонда да апамның тірі кезінде «барлығын соттаймыз, бәрінің түбіне жетеміз» деген сөзімде тұрдым деп ойлаймын.
Әсия Тегісбаева, марқұмның жеңгесі:
— Бүгінгі сотта ішіне кірдім, оқыған кезде жүрегіміз тынышталып қалды. «Қазақстанда заң бар екен, біздің құқықтарымыз қорғалады екен» деген жеңілдік сезімі пайда болып тұр.
Былтыр 14 мамырда жұмыстан шығып үйіне бара жатқан Алина Серікованы бір топ жігіт ұрлап, көлікте зорлап, есірткі берген. Кейін мәжбүрлеп несие рәсімдеткен. Осы оқиғадан 4 күн өткен соң жәбір көрген қыз тоғызыншы қабаттан секіріп кеткен еді.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.