Жәрдемақы мен зейнетақы енді өтінішсіз тағайындалады

Асыраушысынан айырылған отбасылар мен зейнет жасына жеткен азаматтарға жағымды жаңалық. Осы әлеуметтік төлемдерді тағайындау үшін проактивті форматта қызмет көрсету іске қосылды. Қызметтің қалай жүзеге асырылатынын бүгін Үкіметте Цифрлық даму вице-министрі Қаныш Төлеушин түсіндірді.
Бұған дейін асыраушысынан айырылған азаматтар жәрдемақы алу үшін апталап құжат жинап, мемлекеттік органдарға бірнеше мәрте жүгінуге мәжбүр болатын. Енді жәрдемақы автоматты түрде рәсімделеді. Қызмет көрсету мерзімі 7 күннен 1 күнге дейін қысқарды, азамат тарапынан ешқандай өтініш беру талап етілмейді.
Зейнетақыны тағайындау да өзгерді. Бұрын бұл үшін азамат жеке өзі өтініш беріп, еңбек өтілін растайтын құжаттар жинауы тиіс еді. Қазір жүйе азаматтың жасына қарай автоматты түрде зейнетақы ісін қалыптастырып, барлық деректі мемлекеттік базалардан жинайды. Процесс толығымен өтінішсіз жүзеге асады. Ал қызмет көрсету мерзімі 10 күннен 1 күнге қысқарды. Әзірге бұл шешім пилоттық режимде іске асып жатыр. Цифрлық даму вице-министрі Еңбек министрлігіне бұл қызметті ел бойынша таратуды ұсынды.
———————————————