Талдықорған соты жасөспірім қызын өлтірді деп айыпталған өгей әкені өмір бойына бас бостандығынан айырды. Бұл іс бойынша қыздың анасы да күдікке ілінген. Сот үкімімен ол 19 жылға сотталды. Еске салайын, 2023 жылдың желтоқсанында полицияға жергілікті мектептердің бірінің басшысы жүгініп, 14 жастағы оқушының бірнеше ай бойы сабаққа қатыспай жүргенін айтқан. Жасөспірімнің мәйіті өткен жылдың қаңтарында Текелі маңындағы таудан табылды. Аса ауыр қылмыс жасады деген күдікпен полицейлер қыздың өгей әкесі мен анасын ұстады. Олар өз баласын өлтіргенін мойындаған.
Әділет Бақытов, мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы:
— Сот Айсабакиев Мелсейітті Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің үш бабы бойынша кінәлі деп танып, өгей қызын өлтіргені үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Оның әйелі, яғни кәмелетке толмаған қыздың анасы Айсабакиева Қылмыстық кодекстің адам өлтіру және азаптау баптары бойынша кінәлі деп танылып, оған 19 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.